• Басты
  • Сенат Төрағасы Қ.Тоқаев «Естелік эстафетасы» шарасына қатысушылармен кездесті
6 Сәуір, 2015 18:23

Сенат Төрағасы Қ.Тоқаев «Естелік эстафетасы» шарасына қатысушылармен кездесті

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы Отан соғысының 70 жылдығы аталып өтетін жылы ТМД Парламентаралық Ассамблеясының бастамасы бойынша Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің астаналарында өтіп жатқан «Естелік эстафетасы» шарасына қатысушыларды қабылдады, деп хабарлады Сенат.
Сенат Төрағасы Қ.Тоқаев «Естелік эстафетасы» шарасына қатысушылармен кездесті

Шараға қатысушылар арасында Ұлы Отан соғысының ардагерлері, депутаттар және ТМД ПАА мүшелері бар.

«Естелік эстафетасы» шарасына қатысу Қазақстан үшін құрметті миссия екенін атап өткен Сенат Төрағасы «Адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыстағы Жеңістің 70 жылдығы – бұл күллі кеңес халқының фашизмге қарсы күрестегі ортақ жеңісі» екенін атап өтті. Ол Ұлы Отан соғысына 1,5 миллионнан астам қазақстандықтар қатысқанын, олардың 500-і Кеңес Одағының Батыры атанғанын, төртеуіне екі мәрте берілгенін, жүзден астам жауынгерлер Даңқ орденінің толық иегері атанғанын айтты.

Қ.Тоқаев Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Жеңістің 70 жылдығын мерекелеу жөніндегі арнайы Шаралар жоспары бекітілгені, 2015 жылдың қарсаңында Қазақстан Президентінің ардагерлерді қолдау жөніндегі Жалпы ұлттық шара мен «Жеңіске құрмет» марафоны өткені туралы хабардар етті. Сенат Төрағасының пікірінше, «Ұлы Отан соғысының тарихын саяси мүдделерге байланысты бұрмалауға болмайды, бұл әсіресе біздің еліміздегі қазіргі және жеткіншек ұрпақ үшін, олардың Ұлы Жеңістің тарихи маңызын дұрыс түсінуі ерекше маңызды».

Шараға қатысушылар «Естелік эстафетасы» шарасын қолдағаны үшін  Қазақстанға алғыс айтты және Ұлы Отан соғысы туралы тарихи естелікті сақтау үшін жастарды отаншылдыққа тәрбиелеудің өзекті екеніне тоқталды.

ТМД ПАА-дағы ынтымақтастық мәселелерін талқылай келіп, Қ.Тоқаев Ассамблеяның рөлі мен әлеуетін одан әрі ұлғайтуға Қазақстанның мүдделі екенін атап өтті: «Қазақстан Парламенті, оның ішінде Сенат үшін  ТМД ПАА құрамында жұмыс істеу басымдыққа ие. Біз осы парламентаралық ұйымның беделі мен әлеуетін өрістету үшін күш-жігерімізді саламыз», - деді Сенат Төрағасы.

Қ.Тоқаев сондай-ақ ТМД ПАА делегациясын Еуразиялық Экономикалық Одақ қызметі, «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру барысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының алдағы 20 жылдығын мерекелеу  туралы таныстырып, «Нұр Отан» партиясының Съезінде Мемлекет басшысы Н.Назарбаев жария еткен бес институттық реформаның мазмұнына парламентшілердің назарын аударды.

 

 

 

Барлық жаңалықтар