• Басты
  • Жаңалықтар
  • ҚР Ұлттық қорынан темір жол саласы мен көлік логистикасы бойынша жүзеге асырылатын жобаларға 75 миллиард теңге бөлінеді

ҚР Ұлттық қорынан темір жол саласы мен көлік логистикасы бойынша жүзеге асырылатын жобаларға 75 миллиард теңге бөлінеді

6 Сәуір, 2015 11:56
Темір жол саласы мен көлік логистикасы бойынша жүзеге асырылатын жобаларға Ұлттық қордан 75 миллиард теңге бөлінетін болды, деді Ұлттық экономика вице-министрі Марат Құсайынов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-мәслихатында.

«Темір жол саласы мен көлік логистикасы бойынша жүзеге асырылатын жобаларға Ұлттық қордан 75 миллиард теңге бөлініп, ұлттық компанияның есебінен 19 миллиард теңгеге қосымша қаржыландырылады»,-деді вице-министр.

М.Құсайыновтың сөзінше, 2015-2016 жылдар аралығында «Боржақты-Ерсай» темір жол желісі құрылысы мен Маңғыстау облысындағы «Құрық» паром кешенін іске қосу жобалары жүзеге асырылады.

«Сонымен қатар, елімізде  екінші қатардағы біркелкі темір жолдар салынып, оның «Алматы-1-Шу» бағытындағы бөліктері электрофикацияланады. Сондай-ақ Астана әуежайының терминалы мен ұшу-қону алаңы қайта жөнделеді. Бұл бағыттағы жұмыстар осы кезде басталып та үлгерді»,-деді министрдің орынбасары.    

Оның сөзінше, аталмыш жобалар айлақтардағы жүк пен теңіз тасымалының өзіндік бағасын айтарлықтай азайтуға септігін тигізіп, темір жол құрамдарын «Құрық» айлағына ешқандай кедергісіз жеткізуге жол ашады. Жүктердің өткізу мүмкіндігін 25 миллион тоннадан 80 миллион тоннаға дейін арттырады.  Алматы-1-Шу бағытындағы пойыздардың жүру уақытын 2 есеге қысқартады.

Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылы ҚР Президенті халыққа жолдаған Жолдауында экономикалық өсім мен құрылымдық реформаларға негізделген жаңа экономикаға көшу қажеттігін көтерген болатын. Бұл бәсекеге қабілеттілікті, өнімділікті арттыру, экономика құрылымының оңалуы, жаңа тауарлар жасап, жаңа қызмет түрлерін көрсету.     

Индира Кауметова

 

Барлық жаңалықтар