Қазақстанда Қарулы Күштердің үздік сержанты атағына байқау өтуде

8 Қазан, 2013 18:50
Бүгін,8 қазан «Отар» 40-әскери базасында Қазақстан Қарулы Күштерінің үздік сержанты атағына бесінші кезекті байқау басталды. Оған Қарулы Күштер түрлерінің, әскер тектерінің, өңірлік қолбасшылықтардың, арнайы әскерлердің, әскери оқу орындарының үздік сержанттары қатысады, деп Қорғаныс министрілігің баспасөз қызметі хабарлады.

 «Отар» 40-әскери базасында Қазақстан Қарулы Күштерінің үздік сержанты атағына бесінші кезекті байқау басталды. Конкурс бағдарламасы үш кезеңнен: әскери-кәсіптік, әскери-спорттық және әдеби-көркемдік сайыстардан тұрады», - деп хабарламада нақтыланған.

 Әскери-кәсіптік кешеннің құрамында төзімділік пен дене даярлығына болатын ең қиын емтихан «кәсіпқой» эстафетасы болып табылады. Одан өту кезінде ұрыс жағдайына барынша жақындатылған жағдай жасалады: Калашников автоматын бөлшектеу-жинау, 16 килограмдық оқ салынған жәшікті көп рет көтеру, «жарақаттанған» жолдасын тасымалдау, қашықтыққа граната лақтыру. Мұның барлығын сержанттар түтін мен атылған оқ дыбысы арасында жүріп өтеді. Сондай-ақ эстафета 25 метрлік кедергілер учаскесінен еңбектеп өту, жалпы әскери қорғаныш жинағы мен газтұмша киіп жүз метр жүгіру, радиостансаны жұмысқа дайындап, байланысқа шығуды талап етеді.

Сонымен қатар, конкурс бағдарламасы бойынша күрделі жерде танкілер мен ұрыс машиналарын жүргізу, жергілікті жерді бағдарлау, 11 әскери пән бойынша тест тапсыру, әртүрлі қашықтыққа жүгіру, белтемірге тартылу, АК-74 автоматынан ату көзделген.

Конкурс жеңімпаздары жүлделер мен бағалы сыйлықтармен қатар жоғары тұрған лауазымдарға ауысу мүмкіндіктеріне ие бола алады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Барлық жаңалықтар