СҚО басшысы жергiлiктi құс фермаларын аралады

6 Сәуір, 2015 11:21
Солтүстік Қазақстан облысының әкiмi Ерік Сұлтанов Қызылжар ауданындағы «Алекри Фирмасы», «Атай СК», «Петропавл бройлер фабрикасы» мен «Адель құс» серiктестiктерiнде болып, шаруашылықтардың жұмысымен танысты. Құс өсiретiн кәсiпорындарында болып қайтты, деп хабарлады облыс әкімдігі.

«Алекри Фирмасы» ЖШС-нiң директоры Александр Прядко өңiр басшысын кәсiпорынның жұмыртқа өндiрiсiмен таныстырды. 2014 жылы бұл компания мемлекеттен 274 миллион теңге көлемiнде субсидия алды. Қазiргi таңда өнеркәсiптiк корпус пен сою цехында қайта жаңғырту жұмысы жүргiзiлдi, 2 миллион дана жұмыртқа сақтауға арналған қойма пайдалануға берiлдi, құстарға арналған қоршаулар мен жұмыртқа iрiктейтiн машина жасалған.

«Атай СК» ЖШС-де өңiр басшысы компьютермен басқарылатын қоспа жем әзiрлеуге арналған жемазықтық цехты аралады. Мұнда құстарға пайдалы жемазықтың бiрнеше түрi жасалуда. Кәсiпорын жылына 75 миллион данадан астам жұмыртқа шығарады.

«Петропавл бройлер фабрикасы 2008 жылы ашылған, осы уақыт аралығында өндiрiс қуаттылығын бiрнеше есеге өсiрген. 1500 тонна құс етiн шығарады. Өнiмнiң бiр бөлiгiн компания Қарағанды, Көкшетау және Астана қалаларына жеткiзедi. Кәсiпорынның атқарушы директоры Рамазан Малғаждаровтың айтуынша, фабрика субсидия есебiнен құс басын көбейтiп, өндiрiстi жаңартты», - делінген хабарламада.

Өңiр басшысы Ерiк Сұлтанов барған келесi нысан — «Адель құс» ЖШС-гi. Компанияның өнiмi солтүстiкқазақстандық нарықта бес жыл бұрын пайда болды. Түрлi мемлекеттiк бағдарламаларға қатысу есебiнен, осы уақыт iшiнде 5 корпус ашылып, жаңа қондырғылар орнатылған. 2014 жылы кәсiпорын 40 миллион дана жұмыртқа шығарды. Биыл өндiрiс көлемiн 50 миллион данаға дейiн жеткiзудi жоспарлап отыр.

Солтүстiк Қазақстан облысы бойынша 6 құс фермасы жұмыс iстейдi. Құс басының жалпы саны 1 млн 978 мыңнан асады, жылына 380 миллион данадан аса жұмыртқа өндiрiледi.

Барлық жаңалықтар