Маңғыстау облысында 140 орындық балабақша ашылды (ФОТО)

6 Сәуір, 2015 09:31
Маңғыстау облысының Қарақияң ауданына қарасты Мұнайшы ауылында 140 орындық балабақша ашылды. Осылайша, Мұнайшы ауылында балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 100 пайызға жетті, деп хабарлайды аудан әкімдігі.

«140 орындық жаңа ашылған «Еркем-ай» балабақшасы Мұнайшы ауданындағы мектепке дейінгі білім беретін үшінші мекеме. Осыған дейін онда 200 орындық екі балабақша жұмыс істеп келген.  Бүгінгі таңда, Мұнайшы ауданында 372  бала кезекте тұр, олардың 22-сі  3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндер.  Балабақша ашылған соң 3-6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту деңгейі 100 пайызға жетті»,-деді Қарақия аудандық білім бөлімінің жетекшісі Клара Байбосынова.

«Балабақшаның немесе мектептің ашылуы елді мекендердің болашағына игі әсер ететін маңызды шара. Жаңа ашылған балабақшада балалардың талапқа сай білім алулары үшін барлық жағдайлар жасалған. Біз балаларымыздың өмірінің бақытты болуы және олардың алаңсыз білім алулары үшін барлық қажетті жағдайларды жасап отырмыз. Бұл «Балапан» бағдарламасы бойынша ашылып отырған үшінші балабақша»,-деді мектепке дейінгі білім беру мекемесінің  ашылу рәсімінде Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев.

Айта кететін мәселе, 2014 жылы Қарақия ауданына қарасты Болашақ және Бостан ауылдарында, Мұнайлы ауданына қарасты Баянды және Маңғыстау-4 ауылдарында 380 орындық балабақшалар ашылды. 

 

Барлық жаңалықтар