• Басты
  • Ақордада Ұлы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеудің дайындығы талқыланды
3 Сәуір, 2015 16:57

Ақордада Ұлы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеудің дайындығы талқыланды

Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Г.Н.Әбдіқалықова Қазақстанның «Ардагерлер ұйымы» Орталық кеңесінің өкілдерімен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеуге дайындық мәселелері бойынша кездесті.
Ақордада Ұлы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеудің дайындығы талқыланды

Кездесуге «Ардагерлер ұйымы» Орталық кеңесінің төрағасы Ө.О.Озғанбаев, Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР Қарулы Күштері Бас штабының бастығы С.Ә.Жасұзақов, Денсаулықсақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Д.Р. Арғандықов қатысты.

Мемлекеттік хатшы соғыс майданында 1 млн. 200 мыңнан астам қазақстандықтың қатысқанын атап өтті. Жауынгерлік ерлігі үшін жүзмыңдаған қазақстандық ордендермен және медальдармен марапатталды, 500-дей адам Кеңес Одағының батыры атанды, 110 қазақстандық үш дәрежелі Даңқ орденімен наградталды. 630 мың адам ұрыста қаза тапты, жарақаттар мен аурудан қайтыс болды, хабар-ошарсыз кетті және тұтқыннан оралмады. Яғни, қолына қару ұстаған әрбір екінші қазақстандық Жеңіс жолында өзін құрбан етті.

Гүлшара Әбдіқалықова 2015 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша Қазақстанда 4776 соғыс ардагері және 192 980 тыл еңбеккері бар екенін хабарлады. Ол ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «соғыс ардагерлерінің саны азаюда,  сондықтан да біз олар арамыздан кеткен кезде өкініп қалмау үшін ешбір көмек пен қамқорлықты аямауымыз керек» деп атап көрсеткенін айтты.

Кездесуге қатысушылар ҚР Мемлекеттік хатшысын Жеңістің мерейлі күнін мерекелеуге дайындықтың барысы туралы хабардар етті.

Қазақстан Ардагерлері Орталық кеңесінің төрағасы Ө.Озғанбаев кездесуге қатысушыларды алдағы кезеңге жоспарланған іс-шаралармен таныстырды.

Мемлекеттік органдар өкілдері соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне әлеуметтік, материалдық және медициналық көмек көрсету жұмыстарының барысы туралы баяндады.

Кездесу соңында Мемлекеттік хатшы Жеңістің 70 жылдығына орай өтетін салтанаттар – қазақстандық патриотизмнің дамуына қуатты әрі терең серпін беретін адамзаттың ең сұрапыл соғысындағы біздің аталарымыз бен әкелеріміздің ғасырлар бойы өшпейтін қасиетті ерлігіне тағзым ету екенін атап өтті.

Мемлекеттік хатшы Г.Н.Әбдіқалықова кездесу қорытындысы бойынша Ұлы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеуге дайындық мәселелері бойынша мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырмалар берді.

Айта кететіні, 2014 жылғы 28 қарашадағы «2015-2017 жылдардың республикалық бюджеті туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен Астана және Алматы қалалары, облыстар бюджеттерінің іс-шаралар өткізуге 5 752 023,0 теңге, оның ішінде, бір реттік материалдық көмек көрсетуге – 5 690 183,0 мың теңге көлеміндегі ағымдағы мақсатты трансферттері мақұлданды. Өңірлердегі 3395 ескерткіштер мен мемориалдық кешеннің 746-ы жаңғыртылды. Олардың жөндеу және жаңғырту жұмыстарына 997 492,0 мың теңге бөлінді.

«Қазақстан темір жолы» АҚ 2015 жылғы 1 мамыр мен 31 желтоқсан аралығында соғысқа қатысушылар мен мүгедектерін  Тальго вагондарынан жасақталған поездардан басқа темір жол көлігі арқылы Қазақстан және ТМД елдері аумағы бойынша тегін алып жүруді қамтамасыз етеді.

Жергілікті атқарушы органдармен ҰОС қатысушылары мен ардагерлері облысішілік және қалаішілік қатынастар бойынша жолаушылар автобусында тегін жүрумен қамтамасыз етілді. Үстіміздегі жылдың басынан бері 1 наурыздағы жағдай бойынша Ұлы Отан соғысының 247 қатысушысы мен мүгедегіне 31,6 млн. теңге сомасында тұрғын үйлеріне жөндеу жүргізілді. Ұлы Отан соғысының әрбір қатысушысы мен мүгедегіне дербес түрде қосымша әлеуметтік көмекке мұқтаждықтың әлеуметтік картасы енгізілді.

 

Барлық жаңалықтар