• Басты
  • Жаңалықтар
  • Универсиада-2017 нысандарын салу жұмыстары белгіленген мерзімде аяқталады – Сапарбаев

Универсиада-2017 нысандарын салу жұмыстары белгіленген мерзімде аяқталады – Сапарбаев

3 Сәуір, 2015 15:55
Универсиада-2017 нысандарын салу жұмыстары белгіленген мерзімде аяқталады, деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев «Спорт-ұлт денсаулығының кепілі» атты спортшылар қауымының форумы барысында.

«23 жылда Қазақстан Олимпиада ойындарынан 56 медаль, Азиада ойындарында 640-қа жуық медаль алды. Жас мемлекетіміз үшін бұл аз көрсеткіш емес. Біз әр төрт жылда бір болатын Олимпиаданы күтеміз. Жігіттер мен қыздарымыз міндетті түрде Олимпиада чемпионы болады деп күтеміз»,-деді Б.Сапарбаев.

Оның сөзінше, Қазақстан бүгінгі таңда олимпиадалық спорт түрлерінен үздік жиырмалыққа кіреді.

«Екі жылдан соң Қазақстанда қысқы Универсиада өтеді. Қазақстан 2022 жылы өтетін Олимпиада ойындарын өткізуге үміттеніп отырған екі мемлекеттің бірі. Осының барлығы да Мемлекет басшысының спортқа деген ерекше назарының арқасы. Қиындықтарға қарамастан, Алматыдағы нысандардың құрылысы жалғасады және Универсиадаға уақытында дайын болады»,-деді Премьер-Министрдің орынбасары.    

Өз кезегінде спортшылар қауымы форумына қатысушылар өскелең ұрпақтың спортпен айналысуын,   республикадағы спорт нысандарының қалың көпшілікке қолжетімділігі мен ашықтығын қолдайтындықтарын білдірді.

Форум соңында қазақстандық спорттың әлемдік аренадағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру мен елдегі дене шынықтырумен, спортпен айналысуға қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі кеңестер бойынша резолюция қабылдау жоспарлануда.    

Камила Амирова

 

 

Барлық жаңалықтар