• Басты
  • Жаңалықтар
  • Кандидат Ә.Құсайынов СҚО-да «Мол сервис» ЖШС мен «Севказэнерго» ЖШС ұжымымен кездесті

Кандидат Ә.Құсайынов СҚО-да «Мол сервис» ЖШС мен «Севказэнерго» ЖШС ұжымымен кездесті

2 Сәуір, 2015 19:13
Президенттікке үміткер Әбілғазы Құсайынов Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданындағы «Молсервис» ЖШС ұжымымен кездесу өткізді, деп хабарлады штабтың баспасөз қызметі.

Өз сөзінде Ә.Құсайынов жиын қатысушыларын сайлауалды тұғырнамасының негізгі бағыттарымен таныстырды.

Ә.Құсайыновтың айтуынша, бірқатар әлем елдерінде экономиканы қарқынды дамытуға бағытталған жұмыстар қоршаған табиғи ортаның мүмкіндіктерін ескермей, оған шамадан тыс күш салып жатыр.

Табиғат қойнауын тиімсіз пайдалану, табиғи ортаның қалдықтармен ластануы, гендік мен биологиялық әртүрліліктің азуы табиғи ортаның,  адамзат мекендеген айналаның құлдырауына алып келуі мүмкін.

Адамның өндіріске негізделген тұрмысынан туындаған озон қабатының бұзылуы, Әлем мұхиттарының ластануы, жер мен оның құнарлы қабатының жұтаңдануы, биологиялық әртүрліліктің азып-тозуы сынды құбылыстар бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналды.

Атмосфераның шаң-тозаң және газды қалдықтармен ластануы үлкен алаңдаушылық тудырады. Олар минералды отын мен биомассаның өртенуіне, сондай-ақ тау-кен, құрылыс пен басқа да жерде жүргізіліп жатқан жұмыстарға байланысты ауаға таралып жатыр.

Адам орны толмайтын табиғи ресурстарды шексіз тұтына отырып, қалпына келтіруге болатын қорлардың қайта толысуына кедергі жасауда.

«Табиғи ресурстардың қайта қалпына келмейтінін естен шығармаған жөн», – деп атап өтті Ә.Құсайынов.

Кандидаттың айтуынша, адамзат жыл сайын өнеркәсіптік өндіріс көлемін өсіріп, соның салдарынан игерілмеген табиғаттың таза айналасы тарылып бара жатыр.

Бүгінде адам өз қолымен өзінің өмір сүретін кеңістігін шектеуде. Оған қоса, Ә.Құсайынов экологиялық білімнің маңыздылығына тоқталды.

«Жалпы білім беретін мектептерде міндетті пән енгізе отырып, экология мен оның қауіпсіздігі туралы түсінік қалыптастыру, сонымен қатар тұрақты экологиялық-ағартушылық жұмыстар жүргізу экологиялық және өнеркәсіптік қауіпсіздік туралы білім берудің маңызды қадамдары болып табылады», – деп атап өтті Ә.Құсайынов.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайынов Петропавл қаласы «Севказэнерго» ЖШС-ның жұмысшы ұжымымен кездесті.

Кездесу барысында ҚР Президенттігіне кандидат өзінің сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары туралы баяндап берді.

«Экологиялық аспектілердің қажеттілігі мен өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелерін назарға ала отырып, экологиялық қауіпсіз дамуға көшудің негізгі міндеттерін адамзат дамуымен қатар қарастыруды ұсмынып отырмын. Жағымсыз экологиялық жағдай жалпы Әлемдегі өзекті проблемаға айналып отыр, себебі өнеркәсіпті дамытуда қоршаған ортаның мүмкіндіктері назардан тыс қалып, көп жағдайда табиғатты қорғау технологиялары пайдаланылмайды», - деп атап өтті Әбілғазы Құсайынов.

Сонымен қатар «Севказэнерго» ЖШС жұмысшы ұжымымен кездесу барысында Ә.Құсайыновтың республикалық сайлауалды штабының жетекшісі Рүстем Жоламан да сөз сөйледі.

«Біздің кандидат атап өткендей, экономикалық жүйеміздің даму тұғырнамасын қайта қарастырған жағдайда ғана қауіпсіз дамуға қол жеткізе аламыз. Экономиканы экологиялық таза, аз шығынды технологияларға көшіру – экономикалық өсімнің қайнар көзі. Табиғат ресурстарын тиімді әрі жоспарлы пайдалану, қоршаған ортаны ластанудан қорғау, өнеркәсіптік қауіпсіздікке көшу біздің ең басты міндеттерімізге айналуы керек», - деді Р.Жоламан.

Барлық жаңалықтар