• Басты
  • Жаңалықтар
  • ҚР ОСК Астана мен Ақтөбе қалаларында «ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын ұйымдастыру мен өткізу» семинарын өткізді

ҚР ОСК Астана мен Ақтөбе қалаларында «ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын ұйымдастыру мен өткізу» семинарын өткізді

2 Сәуір, 2015 15:21
Астана және Ақтөбе қалаларында сайлау ұйымдастырушылармен және сайлау процесіне қатысушылармен «2015 жылғы 26 сәуірге тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын ұйымдастыру мен өткізу» атты тақырыпта семинарлар өтті, деп хабарлады ОСК баспасөз қызметі.

Астанадағы семинарды Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы мен Астана қаласының аумақтық сайлау комиссиясы ұйымдастырды. Ақтөбеде Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарының аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерімен болған семинардың жұмысына ҚР ОСК мүшесі Л.Ж. Сүлеймен, сондай-ақ ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Миссиясының байқаушылары Роберт Харли Брандстеттер мен Хелена Мария-Тертту Лаатио қатысты.

Аталған іс-шараларға қатысушылар ретінде сондай-ақ саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттардың сенім білдірген адамдары, байқаушылар, бұқаралық ақпарат құралдары мен Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдарының өкілдері шақырылды.

Семинарлар шеңберінде сайлау науқанын қаржылық, материалдық-техникалық, ұйымдастырушылық және ақпараттық қамтамасыз етуге қатысты мәселелер, сонымен қатар сайлау комиссияларының, жергілікті атқарушы органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, байқаушылардың, азаматтық қоғам институттары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өзара іс-әрекетінің тиімділігін арттырудың түрлері мен әдістері талқыланды.

Пікірталас барысында сайлау процесін құқықтық және құжаттамалық қамтамасыз ету, сайлаушылардың тізімдерін түзету бойынша жұмысты ұйымдастыру, сайлауды ақпараттық сүйемелдеу, сайлауалды үгітті жүргізу және дауыс беру күніне дайындық мәселелері аса қызығушылық тудырды.

Ортсайлауком мүшелері құқыққолдану тәжірибесінің өзекті мәселелері жөнінде бірқатар түсіндірмелер берді.

Сайлау учаскелерінде дауыс беруді ұйымдастырудың рәсімдік мәселелеріне және дауыс беру күні учаскелік сайлау комиссияларының іс-әрекеттеріне ерекше көңіл бөлінді.Өз тарапынан аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері жұмыс тәжірибесімен бөлісіп, семинарда талқыланған тақырыптар жөнінде пікір алмасты.

 

Барлық жаңалықтар