Сенат бірқатар халықаралық құжаттарды ратификациялады

2 Сәуір, 2015 14:05
ҚР Парламент Сенатының депутаттары бірінші оқылымда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарады.

Аталмыш құжат Азаматтық процессуалдық кодекстің тиісті бөліктеріне өзгеріс енгізіп, интернет-казиноның қызметін заңсыз деп табу мәселесін қарастырады. Ал Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске ойын бизнесі туралы заңнама бұзылған жағдайда оған деген жауапкершілікті күшейтетін норма енгізеді. Құжатты талқылау барысында депуттар тарапынан жетілдіруді қажет ететін бірқатар мәселелер туралы айтылды. Ал А.Күзеков пен Ж.Ерғалиев ойын бизнесі саласындағы заңнаманы жетілдіріп, интернет казиноның жұмысын заңды түрде тоқтатып, букмекерлік кеңеселер мен тотализаторлардың қызметіне бақылауды күшейту жөніндегі құжаттың маңыздылығын атап өтті.     

Бұған қоса сенаторлар Қазақстан мен Беларусь арасындағы реадмиссиялауға қатысты келісімді ратификациялады. Құжат келісуші мемлекеттердің аймағына заңсыз келетін азаматтарды реадмиссиялаудың құқықтық және ұйымдастырушылық мәселелерін реттеуге бағытталған.

Отырыста сондай-ақ Қазақстан мен Мажарстан арасындағы сотталған азаматтарды беру туралы келісім ратификацияланды. Құжат екі елдің қарамағында сотталған азаматтарды сотталған елінде жазасын өтеу үшін бір мемлекеттен екінші мемлекетке беру мәселесін қарастырады. Бүгін депуттар тарапынан қолдау тапқан тағы бір құжат Қазақстан мен Мажарстанда қылмыстық іздеуде жүрген және қылмыстық жауапкершіліктен жалтарып жүрген азаматтарды беру бағытындағы  бірлескен қимылдардың тиімділігін арттыру мен екі елдің осы мәселеге құзырлы органдары арасындағы қатынастарды реттеуге бағытталған.

Сондай-ақ бүгін Қазақстан Үкіметі мен Вьетнам Социалистік Республикасының арасында қосарланған салық төлеу мен салық төлеуден жалтарудың алдын алуға бағытталған келісім ратификацияланды. Аталмыш құжат Қазақстанның немесе Вьетнамның резиденттері болатып табылатын заңды тұлғалар мен жекелеген азаматтардың қосарланған салық төлеу мен салық төлеуден жалтару әрекеттерінің алдын алады.

Депутат С.Нөгербековтың айтуынша, Қазақстан бүгінде 48 мемлекетпен қосарланған салықты болдырмау жөніндегі келісімге қол қойған және келісім талаптары мемлекеттердің қарым-қатынастарының оң бағытта өрбуіне айтарлықтай ықпал етуде. 

Мәжіліс барысында сенатор Қ.Айтахановтың қазақтың әйгілі дипломаты Н.Төреқұловтың есімін халық жадында мәңгі қалдыру үшін кешенді шаралар қолдану жөніндегі сауалы тыңдалды.   

 

  

 

 

Барлық жаңалықтар