• Басты
  • Жаңалықтар
  • АҚШ пен Ұлыбритания әскери қызметшілерінің қатысуымен өтетін «Дала қыраны – 2015» оқу-жаттығуы 3 сәуір басталады – ҚР ҚМ

АҚШ пен Ұлыбритания әскери қызметшілерінің қатысуымен өтетін «Дала қыраны – 2015» оқу-жаттығуы 3 сәуір басталады – ҚР ҚМ

2 Сәуір, 2015 20:46
Қазақстанда «Дала қыраны – 2015» бітімгершілік оқу-жаттығуын өткізуге белсенді даярлық кезеңі басталып кетті, деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.

3 сәуір Алматы облысындағы «Іле» полигонына АҚШ пен Ұлыбритания әскери қызметшілерінің алдыңғы топтары келе бастайды. «Дала қыраны – 2015» оқу-жаттығуы екі кезеңде – ағымдағы жылдың сәуір және маусым айларында өткізілетін болады. Бірінші кезең барысында Ұлыбритания әскери қызметшілері Қазбат 1 бөлімшесімен роталық деңгейде бейбітшілікті және халықаралық үйлесімділікті қолдау бойынша іс-қимылды орындау мүмкіндіктерін арттыру үшін тактикалық жаттығулар өткізбек.

Оқу-жаттығудың бірінші аптасында бөлімше тактикалық міндеттерді орындауды үйренетін болады, ал екінші аптада еркін тактикалық жағдайға сәйкес далалық оқу-жаттығу өткізіледі. Сонымен бірге АҚШ өкілдері Қазбат және Қазбриг штабтарын әскери шешім қабылдау ресімдерін оқытып, жетілдіретін болады. Бірінші аптада Қазбриг жоғарғы басшылықтан ІІ кезеңге жауынгерлік өкім алып, әскери шешім қабылдау үдерісін жүргізеді. Екінші аптада Қазбат 1 мен 2 Қазбригтен алынған жауынгерлік өкім негізінде әскери шешім қабылдау үдерісін жүргізеді.

Естеріңізге сала кетсек, іс-шараның басты мақсаты Қазақстандық бітімгершілік бригадасы штабы мен Қазақстандық бітімгерлік батальонның БҰҰ бітімгершілік операцияларын жүргізу барысындағы практикалық дағдысын, сондай-ақ қарсылас тараптар арасындағы жанжал жағдайында бітімгершілік іс-қимылдарды орындау кезінде бөлімшелердің жауынгерлік үйлесімділігін арттыру болып табылады.
 

Барлық жаңалықтар