• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қазақстан-Мажарстан ынтымақтастығының мәселелері ҚР Сыртқы істер министрлігінде талқыланды

Қазақстан-Мажарстан ынтымақтастығының мәселелері ҚР Сыртқы істер министрлігінде талқыланды

1 Сәуір, 2015 15:41
Мажарстан Премьер-Министрі Виктор Орбанның Қазақстанға ресми сапары аясында Астанаға келген Мажарстан Сыртқы экономикалық және сыртқы істер министрі Петер Сийяртомен ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов бүгін кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастық пен халықаралық күн тәртібіндегі кең ауқымды мәселелерін талқыға салды. Е. Ыдырысов екі мемлекет арасындағы әріптестік қарым-қатынасты нығайту мен кеңейтуге қосқан елеулі үлесі үшін өз әріптесіне алғысын білдірді, деп хабарлады ведомство.

Мажарстан Қазақстанның Орталық-Шығыс Еуропадағы және Еуропалық Одақтағы маңызды әріптесі болып табылады. Екі мемлекет арасында күрделі мәселелер жоқ, ал халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша ұстанымдары ұқсас немесе бағыттас келеді

Сонымен қатар, кездесу аясында Қазақстан-мажарстандық Стратегиялық кеңестің жемісті жұмысының маңыздылығы атап өтілді. Экономика саласында да қажетті келісімдік базаның бар екені айтылды. Астанада «Мажарстан сауда үйі» құрылып, индустрия және инновация жөнінде Жұмыс тобы қызметін бастады.

Е. Ыдырысов ЕО мен ЕАЭО арасында ынтымақтастық орнату мүмкіндігінде Мажарстан рөлін ерекше атап, «Мажарстан екі Одақ арасындағы қарым-қатынасты орнықтыратын көпірлердің біріне айналуы мүмкін» деп атап өтті.

Сондай-ақ, ол Мажарстан Премьер-Министрі В. Орбанның сапары барысында қазақстандық басшылықпен жоспарланған кездесулері ашықтық және өзара түсіністік рухында «сағат салыстыруға» мүмкіндік беріп, Қазақстан мен Мажарстан арасындағы өзара ықпалдастықты кешенді тереңдетуге айтарлықтай серпіліс беретініне сенімін білдірді.

Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың  19-20 ақпан аралығында П. Сийяртоның Астанаға ресми сапары орын алып, оның шеңберінде екі ел сыртқы саяси мекемелері арасында 2015-2016 ж.ж. арналған Жұмыс жоспарына қол қойылған болатын.

 

Барлық жаңалықтар