• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қазақстандық «Үндестік сабағы» фильмі халықаралық «Ертең» тәуелсіз кино фестивалінде гран-при ұтып алды

Қазақстандық «Үндестік сабағы» фильмі халықаралық «Ертең» тәуелсіз кино фестивалінде гран-при ұтып алды

8 Қазан, 2013 15:07
Режиссер Әмір Байғазиннің «Үндестік сабағы» картинасы 1-6 қазан аралығында Мәскеуде өткен 7-ші халықаралық «Tomorrow (Ертең)» тәуелсіз кинофестивалінде гран-при ұтып алды, деп хабарлайды «Қазақфильм» АҚ-ның баспасөз қызметі.

«Негізгі байқауға биыл 10 картина қатысты. Үміткерлерді Нью-Йорктағы Трайбек фестивалінің бағдарламалық директоры Фредерик Бойер, литвалық режиссер Шарунас Бартас, ресейлік продюссер Елена Степанищева және ресейлік әртіс Виктория Исаковалардан тұратын қазылар алқасы бағалады», - делінген хабарламада.

Қазылар Президенті Фредерик Бойер аталмыш фильм жайлы былай деді: «Үндестік сабағы» фильміне гран-приді беруге қазылар алқасы бір ауыздан келісті. Ондағы шебер оқиға мен туындының керемет шешімі ешкімді бей-жай қалдырмайды. Бұл фильм –нағыз өнер туындысы».

«Осы байқаудан кейін біздің картина көптеген елдерде сұранысқа ие болатыны қуантады. Енді осы туындыны отанымызда лайықты түрде таныстыра білуіміз керек. Өзім де премьерада болғым келгендіктен мен «Қазақфильм» басшылығынан фильмнің тұсаукесерін менің Қазақстанға келетін уақытыммен сәйкестендіруін сұрадым», - дейді Әмір Байғанин.

Сонымен қатар, 7 және 10 қазанда Оңтүстік Кореядағы 18-інші халықаралық Пусан кинофестивалі аясында фильмнің көрсетілуі болады. Айта кетейік, осы кинофестивальде де Әмір Байғаниннің «Жаралы періште»  жобасы Азиялық жоба нарығында таныстырылмақ.

Қазақстанда «Үндестік сабағы» фильмінің сатылымы ағымдағы жылдың қараша айының соңында болады деп  жоспарланып отыр.

 

 

Барлық жаңалықтар