• Басты
  • Жаңалықтар
  • ИИДМБ: Маңғыстау облысында биыл Индустрияландыру картасы бойынша 17 жобаны аяқтау жоспарлануда

ИИДМБ: Маңғыстау облысында биыл Индустрияландыру картасы бойынша 17 жобаны аяқтау жоспарлануда

31 Наурыз, 2015 12:13
Маңғыстау облысында 2015 жылы Индустрияландыру картасы бойынша құны 104,6 миллиард теңге болатын 17 жобаны аяқтау жоспарлануда. Аталмыш жоба аясында 1,5 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылады, деп хабарлайды экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Индира Құрман.

«Аймақта негізгі капиталға деген инвестициялар көлемі 47,8 миллиард теңгені құрады. Аймақтың инвестициялық тартымдылығы индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мен «Ақтау теңіз айлағы» аймағында арнайы экономикалық аймақты игеру жұмыстарының есебінен қамтамасыз етілуде. Осылайша, Индустрияландыру картасынының аясында 2015 жылы құны 104,6 миллиард теңге болатын 17 жобаны іске қосып, 1,5 мың адамды тұрақты жұмыспен қамтуды жоспарлап отырмыз. Биылғы жылдың бірінші тоқсанының өзінде бір жоба іске қосылып үлгерді. Ол құны 370 миллион теңгені құраған «КУДУ Индастриес Қазақстан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып отыр. Жобаның аясында 31 жұмыс орны ашылды»,-деді И.Құрман.

Сондай-ақ ол сөзінде жаңа жобалар арқылы арнайы экономикалық аймақты игеру жұмыстарының белсенділігі артқандығын атап өтті. Мысалы арнайы экономикалық аймақ құрылғанда оның территориясында 5 кәсіпорын жұмыс істеген болса, 2014 жылы мұнда тағы 4 өндіріс іске қосылған.      

«Айта кететін мәселе арнайы экономикалық аймақтың барлық инфрақұрылымын қалыптастыруға соңғы 5 жылда 7 миллиард теңге көлемінде бюджет қаржысы шығындалды. Бүгінгі таңда жұмсалған қаржы өзін ақтады деп нық сеніммен айтуға болады. Арнайы экономикалық аймақтағы кәсіпорындар 29 миллиард теңге тартып, 223 милллиард теңгенің өнімін өндірді. Мыңнан астам жұмыс орындары ашылды»,-деді басқарма басшысының міндетін атқарушы.

 

 

 

 

Барлық жаңалықтар