Қ.Жақыпов: G- Global – ғаламдық мәсеелелрді шешетін маңызды алаң

30 Наурыз, 2015 15:08
Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов Вьетнамның Ханой қаласында өтіп жатқан Парламентаралық Одақтың 132-Ассамблеясына қатысып, ортақ пікір алмасулар аясында «Тұрақты даму мақсаттары: сөзден іске» тақырыбында сөз сөйледі, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.

Қ. Жақыпов әлемдік қауымдастықтың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған міндеттерді жүзеге асыру жолында Қазақстанның үлесі туралы баяндады. Мәселен, Қазақстан Президенті бастамашы болған БҰҰ мүше-мемлекеттер «Рио+20» конференциясында қолдаған «Жасыл көпір» әріптестік бағдарламасы, «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы, сондай-ақ Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне баса назар аударды. 

Мәжіліс Төрағасының пікірінше, 2015-жылдан кейін ғаламдық деңгейдегі тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру үдерісіне барлық халықаралық қауымдастық қатысуы қажет.

«Біз Астана Экономикалық форумы жанындағы G-Global халықаралық коммуникативті алаңын ұсынуға дайынбыз. Ол Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен әлемдік ақыл-ойды біріктіру мақсатында дүниежүзілік даму мен сындарлы ұсыныстарды әзірлеу және шешу жолдарын талқылау үшін құрылды. Тұрақты даму мақсаттарына жету үшін бізге ғаламдық үнқатысудың қазіргі G-7 немесе G-20-дан да ауқымды форматы керек. Сондықтан да тікелей, G-global коммуникативті алаңы ғаламдық маңызды мәселелерді шешудің қозғаушы күші болмақ»,-деді   Қабиболла Жақыпов.

Мәжіліс Төрағасының сөзінше, өткен жылы Астана Экономикалық форумы аясында БҰҰ мүше-мемлекеттер үшін Әлемдік дағдарысқа қарсы жоспар тұжырымдамасының қабылдануы дамуға жаңа серпін берді.

Тұрақты даму мақсаттары – алдағы 15 жылда тұрақты дамуды қамтамсыз етуге  және кедейлік деңгейін төмендетуге бағытталған әмбебап бағдарлама. 2016 жылдың 1 қаңтарында күшіне енеді.  Онда 17 мақсат пен 169 міндет белгіленген. Тұрақты дамудың негізгі үш бөлігінен құралады. Олар: әлеуметтік, экономикалық, экологиялық.

Парламентаралық Одақтың 132-Ассамблеясының күн тәртібіне су ресурстарын басқарудың жаңа жүйесін қалыптастыру, халықаралық құқық мәселелері де енгізілген.

 

Барлық жаңалықтар