• Басты
  • Жаңалықтар
  • ШҚО-дағы Ақтоғай кен орны Қазақстанды 50 жыл катодтық мыспен қамтамасыз етеді

ШҚО-дағы Ақтоғай кен орны Қазақстанды 50 жыл катодтық мыспен қамтамасыз етеді

13 Наурыз, 2015 17:23
Аягөз ауданында жұмыс сапарымен болған ШҚО әкімі Даниал Ахметов салынып жатқан KAZ Minerals-Ақтоғай кен орнында болды.

ШҚО Ақпараттық орталығының хабарлауынша, Ақтоғай кен орнының құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес жүріп жатыр. Сәйкесінше, негізгі жабдықтар жеткізіле бастаған. Нысан пайдалануға берілгенде мұнда 1500 адам жұмыс істейтін болады.

Ақтоғай – бұл ашық типтегі ірі кеніш. Ол Аягөз ауданындағы Ақтоғай кентінің маңында орналасқан. Кен орынның пайдалану мерзімі – 50 жылдан астам. Кенішті іске қосу үшін 2,3 млрд. АҚШ доллар қаржы жұмсалған.

Бұл облыстағы ірі инвестициялық жобалардың бірі болып табылады. Кен орнын іске қосу ҮИИД мемлекеттік бағдарламасына енген және компанияның ірі екі өркендеу жобаларының бірі (екінші жоба – Павлодар облысындағы Бозшакөл кенорынын игеру). Бұл жобаларды таяу жылдары іске қосу катодты мысты өндірудің көлемін 50% арттыруға мүмкіндік береді.

Хабарланғандай, сульфидті кеннің бетінде орналасқан тотыққан кенді шоғырлап сілтісіздендіру 2015 жылдың 4 тоқсанында басталады. Бұл орта есеппен алғашқы 10 жыл ішінде 15 мың тонна катодты мыс шығарылады деген сөз. Сульфидті кеннен өнім өндіру 2017 жылы басталып, алғашқы 10 жыл ішінде катодты эквиваленттегі мыстың орташа шығарылымы 90 мың тоннаны құрайды.

Тотыққан кендерді қайта өңдеу жөніндегі кешенді салу, электр жеткізу желілерінің құрылысы, теміржол желілерін салу және оларға қызмет көрсету, жер, бетон жұмыстары сияқты құрылыс науқандарының негізгі көлемін қазақстандық компаниялар жүргізеді.  

Қазіргі таңда қазақстандық компаниялардың аталған нысанда жұмыс істеп жүрген қызметкерлерінің саны 1000 адамнан астам. Олардың арасында жергілікті тұрғындар да еңбек етуде. 

Барлық жаңалықтар