• Басты
  • Жаңалықтар
  • ҚР Президенттігіне үміткер Б.Естемесов мемлекеттік тілді меңгермеген – ҚР ОСК

ҚР Президенттігіне үміткер Б.Естемесов мемлекеттік тілді меңгермеген – ҚР ОСК

12 Наурыз, 2015 17:33
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясында Бахтияр Өксікбайұлы Естемесовтің мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның отырысы болды, деп хабарлады ОСК.

Болған емтиханның нәтижелері бойынша лингвистикалық комиссия ашық дауыс беру арқылы бірауыздан Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Бахтияр Өксікбайұлы Естемесовтің мемлекеттік тілді еркін меңгергені туралы шешім қабылдады.

Комиссия төрағасы М. Жолдасбеков аталған шешімді түсіндіре келе, «Кандидат білімінің өте төмен деңгейде екенін көрсетті. Бірінші жазбаша тапсырмада кандидат Абайдың «Нұрлы ақыл, ыстық қайрат…» сөзінің мағынасын ашпай, өз ойын тұжырымдай алмады, көлемі бір жарым беттен тұратын мәтінде жалпы 50 қате жіберді.

Екінші тапсырма бойынша, Мұқағали Мақатаевтың екі өлеңін оқыды. Дауыс ырғағы дұрыс болған жоқ, мақышына келтіріп оқи алмайтынын көрсетті, жекелеген сөздерді анық оқыған жоқ, осының бәрі оқылған мәтіннің мазмұнын қабылдауды қиындатты. Үшінші тапсырмада комиссия белгілеген көпшілік алдында 15 минут сөз сөйлеудің орнына, кандидат 3 минут сөйледі. Нәтижесінде «Тіл тағдыры – халық тағдыры» тақырыбын ол мүлде ашпады, ойы анық емес, сөздік қоры еліміздің жоғары мемлекеттік лауазымына үміткердің тиісті деңгейіне сәйкес келмейді» деп мәлімдеді.

Лингвистикалық комиссияның отырысына Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі М.А. Сәрсембаев қатысты.

Барлық жаңалықтар