• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қазақстан делегациясы БҰҰ Әйелдер жағдайы жөніндегі комиссиясының жұмысына қатысуда

Қазақстан делегациясы БҰҰ Әйелдер жағдайы жөніндегі комиссиясының жұмысына қатысуда

12 Наурыз, 2015 18:21
БҰҰ Әйелдер жағдайы жөніндегі комиссиясының 59-сессиясының жұмысы 2015 жылғы 9 наурызда БҰҰ штаб-пәтерінде басталып, 20 наурызға дейін жалғасатын болады, деп хабарлады Сыртқы істер министрлігі.

Бұл сессия 1995 жылғы БҰҰ Әйелдер жағдайы жөніндегі төртінші дүниежүзілік конференциясында қол жеткізілген халықаралық уағдаластықтарды – Бейжің декларациясы мен Іс-әрекет платформасының орындалуына 20-жылдық шолу (Бейжің+20) қорытындыларын жасауға арналған елеулі іс-шара болып табылады.

 Комиссия жұмысының бірінші күнінде аталмыш халықаралық құжаттарды орындау бойынша ғаламдық прогресс пен әлі де шешімін тапай келген бірқатар қиыншылықтары мен кемшіліктерін қамтитын саяси декларацияны консенсуспен қабылдады. Сонымен қатар, сессияның соңына дейін Комиссияның жұмысын реттеуші әдістемесі тиісті пысықталып, бекітілетін болады.    

Бұл ерекше сессияға төрт вице-президент, екі вице-премьер-министр, сондай-ақ министрлік деңгейде 124 өкіл және өзге мемлекеттік, халықаралық ұйымдар мен үкіметтік емес ұйымдар делегаттары қатысты.

2015 жылғы 10 наурызда Қазақстан атынан Мемлекеттік хатшы Хатшылығының жетекшісі Серік Ахметов қатысып, сөйлеген сөзінде еліміздің гендерлік теңдікті, әйелдердің құқықтары мен мүмкіншіліктерін арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаты мен тәуелсіздік алғалы ұлттық әрі халықаралық дәрежеде қол жеткізген едәуір жетістіктері туралы баяндады. Әйелдерге айтарлықтай қолдау көрсетуді және тисті тең мүмкіншіліктер мен құқықтарды беруді көздейтін ұлттық заңнама мен Мемлекеттік гендерлік теңдік стратегиясы, экономика мен қаржы, бизнес пен кәсіпкерлік салаларында мемлекет тарапынан елеулі қолдау, сондай-ақ әйелдердің жоғары саяси лауазымдарда, соның ішінде сайланбалы шешім қабылдаушы орындарында мақтан тұтарлықтай кең дәрежеде өкілдік етуі, денсаулық сақтау, соның ішінде ана пен бала денсаулығын қорғау, жоғары білім алу, күрделі жағдайларға тап болған әйелдерге жәрдем мен ерекше қамқоршылық көрсету туралы кеңінен сөз қозғалды.

Сонымен қатар, БҰҰ аясында жалғасып келген 2015 жылдан кейінгі Ғаламдық даму күн тәртібін құрастыру бойынша үкіметаралық үрдісі шеңберінде БҰҰ Бас Ассамблеясының Тұрақты даму мақсаттарын пысықтау бойынша ашық құрамдағы жұмыс тобының қорытындыларына, атап айтқанда басты Тұрақты даму мақсаттарының бірі ретінде «Гендерлік теңдік пен әйелдердің құқықтары мен мүмкіншіліктерін арттыру» болып бекітілуіне Қазақстанның осы топ мүшесі ретінде қосқан зор үлесі атап өтіліп, аталмыш БҰҰ Комиссиясының жұмысы жемісті өтуіне мол септігін тигізуге Қазақстанның мүдделі екендігі танытылды.

 

Барлық жаңалықтар