• Басты
  • Жаңалықтар
  • 5 институционалды реформаны дамыту мен жүзеге асыру ісін ҚР Президенті жанындағы Ұлттық жаңғырту комиссиясы үйлестіретін болады

5 институционалды реформаны дамыту мен жүзеге асыру ісін ҚР Президенті жанындағы Ұлттық жаңғырту комиссиясы үйлестіретін болады

11 Наурыз, 2015 16:05
Бүгін Астанада өткен «Нұр отан» партиясының XVI съезінде Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Президенті жанынан Ұлттық жаңғырту жөніндегі комиссия құруды тапсырды. Аталмыш комиссия Мемлекет басшысының Қазақстанның одан әрі қалыпты дамуын қамтамасыз ету мақсатында ұсынған 5 институционалды жаңа реформаларының кешенін үйлестірумен айналысатын болады.

«5 институционалды реформа мемлекеттің міндетті түрде өтуі тиіс 5 қадамы іспеттес. Осы қадам рет-ретімен жүзеге асқанда ғана біздің реформалар тиімді болады. Ал, мемлекет пен қоғам бір бүтін және тұрақты болады. Әлемнің дамыған деген елдерінің барлығы осы жолдан өткен.  Түптеп келгенде аталмыш 5 реформа қазақстандық мемлекеттілікті қалыптастыруға ықпал етіп, Қазақстанның әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіруіне мүмкіндік береді», - деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, 5 реформаның біріншісі экономикалық бағдарламаларды жүзеге асыру мен мемлекеттік қызмет көрсету ісін  сапалы жүзеге асыратын заманауй,  кәсіби, дербес мемлекеттік аппарат қалыптастыруды көздейді. «Екіншіден, барлық қабылданатын шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ету керек. Бұл ретте ашық үкімет қағидасы бойынша еліміздің барлық азаматтары мемлекеттік органдардың, әсіресе жергілікті жердегі органдардың шешім қабылдау ісіне тартылуы қажет. Бұған жақында дайындалатын қоғамдық ақпараттың қолжетімділігіне қатысты заң демеу болады», -деді Елбасы.

Президенттің сөзінше, үшінші реформа азаматтық бюджеттеу ісін қалыптастыру болып табылады. Яғни, қалың көпшілік жергілікті жерлерде бюджеттің бөліну ісіне үлес қосулары керек. Төртінші реформа қызметкерлердің әрекеттеріне наразы болған жағдайда, оларға наразылық білдірумен байланысты. Бесіншіден, қоғамның өзін-өзі реттеуі тетігін іске қосу керек. Яғни әлеуметтік маңызы бар кейбір мәселелерді мемлекеттен алып, азаматтық қоғамның құзырына беру керек.       

Индира Кауметова

 

Барлық жаңалықтар