• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қазақстанда жаңа кешендік бағдарлама аясында ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу саласын дамыту өте маңызды – Назарбаев

Қазақстанда жаңа кешендік бағдарлама аясында ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу саласын дамыту өте маңызды – Назарбаев

11 Наурыз, 2015 14:35
Қазақстанда жаңа кешендік бағдарлама аясында ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу саласын дамыту өте маңызды, деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының XVІ съезінде.

 «Ауыл шаруашылығына көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдауда түсініспеушіліктер бар. Бюджеттен аграрлық салаға қомақты қаржы бөлініп-ақ жатыр. Ол қаржы өнімді субсидиялауға, үстемақыны азайтуға бағытталсын деп бөлінеді. Бірақ, шаруалардың қарызы азаяр емес. Америкада бір жылда миллион аграрлық компания банкрот болса, жаңадан сонша компания пайда болады. Жаңа басшылар келеді. Бұдан неге қорқасыздар, қорықпаңыздар. Бәрін айт та, бірін айт, қыруар қаржы неге құмға сіңіп кетуі керек? Мен аграрлық салаға көмектесу керектігін жақсы түсінемін, барлық мемлекеттер бұл салаға қолдау көрсетеді. Бірақ, жұмыс істеймін дегендерге ғана көмектесу керек», - деген Елбасы.

Елбасының айтуынша, қазір шаруалар төлейтін салық азайды олар, тіпті салық төлемейді десек те болады. «Олар аяғынан тік тұрсын деп осындай шараларды қолға алған едік. Бірақ, оларды қашанғы күтуге болады? Сондықтан, бүгінде жаңа кешенді бағдарлама негізінде ауыл шаруашылығындағы шикізатты қайта өңдеу секторын дамыту керек. Бұл ретте, өңдеуші трансұлттық компанияларды тарта отырып, шамамен он ірі жобаны іске асыру керек», - деді Елбасы.  

Айта кетейік, бүгін Астанада «Нұр Отан» партиясының XVІ съезі өтуде, шара барысында «Нұр Отан» партиясы съезінің делегаты бірауыздан  Н.Назарбаевты ҚР Президенттігіне үміткер ретінде ұсынды.

Индира Кауметова

Барлық жаңалықтар