• Басты
  • Астана қаласының кіріс департаменті жаңа акциялардың басталғандығын жария етті
11 Наурыз, 2015 10:16

Астана қаласының кіріс департаменті жаңа акциялардың басталғандығын жария етті

Астана қаласы бойынша мемлекеттік кіріс департаменті елорданың кәсіпкерлер палатасымен «Чекті талап ет те сыйлық ұтып ал», «Бірыңғай консультациялар күні» атты акциялардың басталғандығын жария етті.
Астана қаласының кіріс департаменті жаңа акциялардың басталғандығын жария етті

Департамент мәліметтері бойынша, «Чекті талап ет те сыйлық ұтып ал» акциясы тұтынушылардың құқықтарын қорғау мен сауда-саттық пен қызмет көрсету саласында құқықтық мәдениет қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Мұнда әрбір алынған чекке жеке нөмір беріледі. Сол нөмір арқылы тұрғындар құнды сыйлықтарды ұтып алуға мүмкіндік алады. Аталмыш акцияға қатысатын әрбір азаматтың ұялы телефон, смартфон, гаджет сияқты сыйлықтардың иесі атануға мүмкіндіктері бар. Сыйлықтар ұтысқа 2015 жылдың 5 маусымында салынады.   

Егер кәсіпкерлер сауда-саттық кезінде чек беруден бас тартса немесе оның кассалық аппараты жоқ болатын болса, акцияға қатысушылар  өздеріне берілген нөмірге  осы кәсіпкердің немесе нысанның атауын я болмаса аты-жөнін, мекен-жайын жалпы алғанда ол туралы білгенінше барлық мәліметтерді жазып көрсетіп, арнайы хабарлама жібере алады.  

«Біз жаңа үлгідегі кассалық қадағалау машинасын (КҚМ) қолдану жөнінде ілкі жобаны қолға алдық. Аталмыш құрылғы қаржы операциялары жөніндегі мәліметтерді кіріс органдарына онлайн режимінде жіберіп отырады. Болашақта осындай құрылғыны кең ауқымда пайдаланған кәсіпкерлер тексерілмейтін болады»,-делінген департамент мәліметтерінде.

Астана қалалық кіріс департаменті тарапынан қолға алынған келесі акция «Бірыңғай конультациялар күні» деп аталады. Аталмыш акцияның мақсаты - салық төлеушілерді салық мәселелерінен кеңінен ақпараттандыру және ҚР салық заңнамалары мен осы құжаттарға жаңа енгізілген толықтырулар мен өзгерістерден жан-жақты хабардар ету.  Қазіргі таңда аталмыш акция еліміздің барлық аймақтарында өтіп жатыр.  

Аптаның әр бейсенбісінде елорданың салық төлеушілері тәжірибелі мамандардың ақыл-кеңестері мен мемлекеттік қызмет түрлері жөніндегі ақпараттық жадынамаларды алады. Онда жеке кәсіпкерлік нысанын қалай тіркеу керек, кассалық қадағалау машиналарын қолдану тәсілі, салық есептерін ұсыну үлгілері сияқты өзге де мәселелер туралы мәліметтер болады.

Астана қаласының кіріс департаменті 2015 жылдан бастап Call-орталықтардың жұмысын жаңғыртты. Бүгінгі таңда жекелеген азаматтар мен кәсіпкерлерге мүлікті заңдастыру сияқты жұмыстар бойынша ақыл-кеңестер берілуде. Сонымен қатар, заңды тұлғаларға да заңдық консультациялар беру жұмыстары басталды.     

 

 

Барлық жаңалықтар