• Басты
  • Жаңалықтар
  • Таиланд Үкіметі Қазақстанмен арадағы екіжақты келісімді жоғары бағалайды – ҚР СІМ

Таиланд Үкіметі Қазақстанмен арадағы екіжақты келісімді жоғары бағалайды – ҚР СІМ

11 Наурыз, 2015 09:46
Қазақстан Республикасының Таиланд Корольдігіндегі Елшісі Марат Есенбаев Таиланд Энергетика министрі Наронгчай Акрасанимен кездесіп, энергетика және «жасыл» экономика саласындағы қазақстандық-тай ынтымақтастығының ағымды жағдайы мен болашағын талқылады, деп хабарлады Сыртқы істер министрлігі.

М. Есенбаев тай энергетика мекемесінің басшысын Қазақстанның ағымды әлеуметтік-экономикалық дамуы, мұнай-газ саласындағы, атом және көмір өнеркәсібіндегі жағдайы, «жасыл» экономикаға көшу жөніндегі ҚР тұжырымдамасы, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі туралы хабардар етіп, Елбасының Қазақстан халқына «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» Жолдауының негізгі қағидаларымен таныстырды.

Таиланд Энергетика министрі Н. Акрасани Таиланд үкіметі Қазақстанмен екі жақты қарым-қатынасты жоғары бағалайтынын атап өтті. «РТТ» тайлық энергетика алыбының «Теңіз» кен орнында мұнай сатып алу тәжірибесі бар. Қазіргі таңда «Қашағанда» 100-ге жуық тайлық дәнекерлеуші және құбыр мен кабель тартатын мамандар жұмыс істейді.

Тай министрі, сонымен қатар, серіктестіктің жеке бағыттары бойынша қолдағы мол әлеует, өкінішке орай, қазір толығымен қолданылмайды деп мойындады. Дегенмен, мұнай іздеу мен шығару жөніндегі «PTT Exploration and Production» тай компаниясы қазақстандық мұнай-газ кен орындарын зерттеуге мүдделі.

Н. Акрасани Таиландтың ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қатысуына және баламалы энергия көздері саласындағы жетістіктерін көресетуге даярлығын атап өтті. Таиландтағы жаңартылған және баламалы энергия көздері жалпы тұтынудың 6%-ын құрайды. ЖЭК дамуының негізгі бағыты – биомасса.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Таиланд пен Қазақстан арасындағы энергетикалық ықпалдастықты кеңейту уағдаластығына қол жеткізіп, екі ел энергетика министрліктері арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою қажеттілігін атап өтті. Сонымен қатар, Н. Акрасани Қазақстанның Энергетика министрі В. Школьниктің Таиландқа сапарын ұйымдастыруды және энергетика мен «жасыл» экономика саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың тәжірибелік қадамын талқылауды ұсынды.

 

 

 

Барлық жаңалықтар