• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қазақстанның коммунистік халық партиясынан ұсынылған өкіл мемлекеттік тілден емтихан тапсыруда

Қазақстанның коммунистік халық партиясынан ұсынылған өкіл мемлекеттік тілден емтихан тапсыруда

10 Наурыз, 2015 10:42
Орталық сайлау комиссиясында «Қазақстанның коммунистік халық партиясы» қоғамдық бірлестігінің атынан Президент сайлауына түскелі отырған үміткер Тұрғын Сыздықов мемлекеттік тілді қаншалықты меңгергендігін анықтау үшін қазақ тілінен емтихан тапсыруда, деп хабарлады ҚР Президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбеков.

Тұрғын Сыздықов Президенттік сайлауға қатысуға ниетті 14 үміткердің бірі және ол қоғамдық бірлестік атынан ұсынылып отырған жалғыз кандидат. Естеріңізге сала кетейік, Орталық сайлау комиссиясына ҚР Президентінің кезектен тыс  сайлауына қатысуға барлығы 14 азамат өтініш берді. Олардың 13-і сайлауға өзін-өзі ұсыну жолымен қатысуға ниет білдірсе, біреуін Қазақстанның коммунистік халық партиясы ұсынды.    

Еліміздің Орталық сайлау комиссиясы Президент сайлауына түсуге ниет білдірген азаматтардың Қазақстан Республикасының Конституциясы мен сайлау заңдарының талаптарына сәйкестігін анықтау мақсатында тиісті шараларды жүзеге асыруда.   

Айта кетейік, әзірге сайлауға түсуге өтініш білдірген 14 азаматтың арасынан тек Лимана Қойшиеваның кандидатурасы ғана барлық заң талаптарына сай деп танылып отыр. Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы биылғы жылдың 26 сәуірінде өтеді.  

Индира Кауметова

 

Барлық жаңалықтар