Қазақстанда 2015 жылы 190 мың тоннадан астам құс етін өндіру көзделуде

10 Наурыз, 2015 10:23
Қазақстанның құс өсірушілер одағы ағымдағы жылдың 12 наурызында өтетін есепті кездесуде аталмыш салаға мемлекеттік қолдау көрсету және оның инвестициялық тартымдылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында механизмдерді жетілдіру мәселелерін талқылайды.

Баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, келелі кеңесте түйінді түйіткілге айналған өзіндік асыл тұқымды базаны қалыптастыру мәселесі талқыланады. «Бүгінде мемлекетте асыл тұқымды база үлкен қиындықтарға ұшыраған. Бар өндірістік қуаттылық республика қажеттілігін толығымен қанағаттандырмайды», - делінген хабарламада.

Айта кетерлік жайт, Қазақстан құс өсірушілер одағының болжамы бойынша 2015 жылы елімізде 5 млрд данадан астам жұмыртқа және 190,5 мың тоннадан астам құс еті өндіріледі.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы еліміздегі құс фабрикалар 3,2 млрд-тан астам жұмыртқа мен 148 мың тонна құс етін өндірді. Мұндай нәтижеге сала өз күшімен және жан-жақты қолдаудың арқасында жеткізді. 2014 жылы құс өндірісі кәсіпорындарына субсидия ретінде 14,2 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар, өткен жылы 3 жаңа құс фабрикасы іске қосылды.

Барлық жаңалықтар