Павлодарлық кәсіпкерлер «БЖК-2020» аясында қаржылай көмек алды

10 Наурыз, 2015 10:02
Павлодар облысының аумағында кәсібін дөңгелетіп отырған 8 бизнес өкілі «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында қаржылай көмек алды.

«Даму қоры» хабарлағандай, аймақтық координациялық кеңестің кезекті отырысында осындай шешім шығарылды. Кәсіпкерлерге берілетін субсидияның жалпы көлемі 300 млн. теңгені құрайды. Бұған қоса, тағы үш жоба «Даму» Қорының кепілдемесін алды. 35 млн. теңге оларға несие алуға қажетті кепіл ретінде пайдаланылады.

Мемлекет тарапынан қаржылай қолдауға ие болған кәсіпорындар негізінен жүк тасу, балықты өңдеп, консервілеу, дене шынықтыру-сауықтыру қызметі, қазандар мен орталық жылыту пештеріне қажетті радиаторлар шығару сияқты салаларда жұмыс істейді.

Соңғы кездері аталған облыста тұратын кәсіпкерлер білімдерін шыңдап, біліктілікті арттыру қажеттігін түсінді. Мәселен, осы облыста тұратын 16 бизнес өкілі «Шағын және орта бизнес топ-менеджментін оқыту» бағдарламасы аясында өтетін оқу курстарына қатысуға өтініш берген. Оқыту семинарлар сәуір айында басталады.

Соңғы төрт жылда Назарбаев Университеті базасында өткізіліп жүрген семинарларға Павлодар облысынан 50-ден астам кәсіпкер қатысып, білімдерін шыңдады. Осы бағдарламаны сәтті аяқтағандар Германияға барып, тәжірибе жинақтайды.

Барлық жаңалықтар