• Басты
  • Жаңалықтар
  • ҚР вице-премьері Б.Сапарбаев Астанадағы денсаулық сақтау нысандарының жұмысымен танысты

ҚР вице-премьері Б.Сапарбаев Астанадағы денсаулық сақтау нысандарының жұмысымен танысты

9 Наурыз, 2015 11:34
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев бүгін Астанада қалалық медициналық жедел жәрдем стансасында, №10, №2 емханаларда және №2 қалалық ауруханада болып, денсаулық сақтау нысандарының қызметімен танысты, деп хабарлады primeminister.kz.

Вице-премьер оларды аралау барысында қалалық денсаулық сақтау инфрақұрылымымен, медициналық ұйымдарының жұмысымен және олардың материалдық-техникалық жарақтануымен танысты. Атап айтқанда, Б.Сапарбаев халыққа жедел медициналық көмек көрсетудің дер кезінде және қолжетімді болуына, амбулаториялық-емханалық және станционарлық қызметтердің өзара іс-қимылы мәселелеріне, жаңа медициналық технологиялар мен ақпараттық жүйелердің медицина ұйымдардың күнделікті практикасына енгізілуіне ден қойды.

Сонымен бірге, вице-премьерге алғашқы медициналық-санитарлық көмектің жай-күйі, емханалардағы кезек жағдайы, сондай-ақ азаматтардың аурулардың алдын алу және емдеу жөнінде хабардарлығы, халықпен тиімді кері байланыстың жолға қойылуы жайында баяндалды.

Медицина мекемелерін аралап шығу қорытындыларымен вице-премьер ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мен Астана әкімдігі басшылығына орын алған проблемалық мәселелерге баса назар аудару қажеттігін атап өтті. Сонымен бірге, жедел медициналық көмектің және басқа да медициналық қызметтердің сапасын одан әрі арттыруға, емханалардағы кезекті азайтуға қатысты бірқатар тапсырмалар берді, сондай-ақ халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесін медициналық сүйемелдеу бағдарламасын жасауды тапсырды.

Барлық жаңалықтар