Стамбулда еуразиялық темір жол саласының мәселелері қаралды - ҚТЖ

6 Наурыз, 2015 19:14
Асқар Мамин бастаған «Қазақстан темір жолы» ҰК» акционерлік қоғамының делегациясы Стамбулда темір жол көлігі мен логистика және инфрақұрылым мәселесіне байланысты өткен «Еуразиялық темір жол 2015» бесінші халықаралық көрмесіне қатысты.

 ҚТЖ-ның ақпараттарына сәйкес, көрме барысында арнайы форум ұйымдастырылып, онда темір жол жүйесін жаңғырту, көлік инфрақрылымын жетілдіру, Еуразия кеңістігіндегі қызмет көрсету деңгейін арттыру сияқты маңызды  мәселелер талқыланды. Сондай-ақ көрме аясында «ҚТЖ» ҰҚ» акционерлік қоғамының президенті Асқар Маминнің «General Electric» компаниясының басшыларымен және өкілдерімен кездесуі өтті. Онда дизельді двигательдерді шығару жобасының мерзіміне қатысты кейбір мәселелер мен «Локомотив құрастыру зауыты» акционерлік қоғамының 2015-2016 жылдарға арналған жоспарлары сөз болды.

Бұған қоса аталмыш шара кезінде Қазақстан, Әзірбайжан, Грузия мемлекеттерінің темір жол саласы басшыларының үшжақты кездесуі өтіп, оның барасында Қытай-Қазақстан-Әзірбайжан-Грузия-Түркия бағытындағы контейнерлік пойыздың жүрісін ұйымдастыру мәселелері сөз болды.   

Айта кетейік, «Еуразия темір жол көлігі 2015» халықаралық көлік, инфрақұрылым және логистика жөніндегі халықаралық көрме әлемде 3-і орында тұрған салалық көрмелердің бірі. Ол Еуразия континентіндегі серпінді дамып келе жатқан темір жол индустриясының мүмкіндіктерін бағалауға зор мүмкіндік беретін жоба. Оған әлемнің жетекші деген темір жол техникасын шығаратын кәсіпорын-өндірушілер, тасымалдаушы компаниялар мен жылжымалы құрамның операторлары, мемлекеттік билік органдардың өкілдері, инвесторлар қатысады.      

Биылғы жылы көрмеге әлемнің 25 елінен 200 компания қатысқан. Олардың арасында  Siemens,  Alstom,  Bombardier, Vossloh, CAF, Patentes Talgo сияқты өзге де көлік индустриясының көшбасшылары бар.   

Барлық жаңалықтар