• Басты
  • Жаңалықтар
  • ҚР Сенаты қабылдаған денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі заңнамасына енген өзгертулер ұлттық медицина сапасын жақсартады – ДСӘДМ

ҚР Сенаты қабылдаған денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі заңнамасына енген өзгертулер ұлттық медицина сапасын жақсартады – ДСӘДМ

6 Наурыз, 2015 16:39
ҚР Парламенті Сенатының депутаттары «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлады денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі.

Аталған заң Мемлекет басшысының 2012 жылғы 10 шілдедегі «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласында және 2012 жылғы желтоқсандағы «Қазақстан-2050 стратегиясы». Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленді. 

Заңның басты мақсаты: медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, қолданыстағы заңнаманы халықаралық стандарттарға сәйкестендіру болып табылады. 

Заңды әзірлеу барысында халықаралық тәжірибе кеңінен қолданылды. Клиникалық зерттеулерді құқықтық реттеу мақсатында денсаулық сақтау жүйесін нығайту жөніндегі Таллин хартиясының ережелері, инфекциялық емес аурулар және салауатты өмір салты туралы Мәскеу декларациясы, Нью-Йорктегі БҰҰ Бас ассамблеясының, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының темекіге қарсы күрес жөніндегі Конвенциясы, дәрілік препараттарға қатысты Еуропа Парламенті мен Еуропалық Одақтың директивалары пайдаланылды.    

ҚР заңнамасына енгізілген өзгертулер мен толықтырулар фармацевтикалық сектор, ағзалар мен тіндерді транпланттау, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техникаларды құқықтық реттеу, телемедициналық қызмет көрсету, ұлттық медицина дәрежесін және азаматтарға көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыру мәселелерін реттеп, денсаулық сақтау жүйесінің қолжетімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттырады.    

Әр елде денсаулық сақтау саласын нормативтік реттеу шараларының өзіндік ерекшеліктері бар. Дегенмен, медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, әкімшілік шараларды оңайлату, бюрократизмді азайту, медициналық көмек сапасының жаңа өлшемдерін әзірлеу және науқастармен арада кері байланыс орнату қағидалары барлығына ортақ боп табылады.   

Барлық жаңалықтар