2015 жылы Солтүстік Қазақстанда 4 млн га жерге егіс отырғызылады - әкімдік

7 Наурыз, 2015 10:43
СҚО-да өңiр басшысы Ерiк Сұлтановтың қатысуымен 2015 жылғы көктемгi егiс науқанына дайындық шараларына арналған жиналыс өттi, деп хабарлады облыс әкімдігі.

СҚО — республиканың басты астықты аймағы. Терiскейде өсiрiлетiн ырыс дәнi ел қамбасының үштен бiрiн толықтырады. Биылда сапалы өнiм алу үшiн, жұмысқа ерте бастан қамданған абзал.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен шаруалардың бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыруға жағдай жасау үшiн «Агробизнес-2020» бағдарламасында шаруаларды қолдау көзделген. Аграрлық сектор- облыс экономикасының негiзi, оның үлесi жалпы өңiрлiк өнiмнiң 24 пайызын құрайды»,- дедi өңiр басшысы Ерiк Сұлтанов.

Биыл өңiр шаруалары 4 млн 350 мың гектар алқапқа ырыс дәнiн сiңiруi тиiс. Солардың 568 мың гектары майлы дақылдарға бөлiндi. Белгiленген меженi бағындыруға толық мүмкiндiк бар. Қажеттi 547 мың тонна тұқым қорының 509 мың тоннасы дайындалды. Ал майлы дақылдарға қажеттi тұқым қоры жеткiлiктi. Мамандар жанар- жағармаймен қамтамасыз етуде де ешқандай қиындықтар туындамайды деп отыр. Жиында агроқұрылымдардың дайындықтары жiтi пысықталды.

Жыл сайын мұндай жиындар елiмiздiң 5 астықты аймағында өткiзiледi. Биыл мұндай жиын бiрiншi болып бiзде ұйымдастырылып отыр. Кездесуге қатысқан ғалымдар биыл ырыс дәнiн жерге мамырдың 12-сi мен 28-i аралығында сiңiру қажет дейдi.

Жиынға қатысқан синоптик мамандар биылғы мамыр айында ауа райы құбылмалы болады деп отыр. Сондықтан әр күндi пайдаланған жөн. Былтырғы қиындықтарды ескерген өңiр шаруалары болса, маңызды науқанға ертеден дайындықты бастапты.

Кейiн жиынға қатысқан шаруалар өз сауалдарын жолдады. Солардың бiрi ауыл шаруашылығы техникасын шығаруға арналған кәсiпорын жұмысына қатысты болды.

Жиынды қорытындылаған өңiр басшысы көктемгi дала жұмыстарын дер кезiнде бастап, уақтылы аяқтау қажет дедi.

 

Барлық жаңалықтар