• Басты
  • Жаңалықтар
  • I.T.S. GmbH компаниясы травматологиялық бұйымдар өндіру зауытын салуды жоспарлауда

I.T.S. GmbH компаниясы травматологиялық бұйымдар өндіру зауытын салуды жоспарлауда

6 Наурыз, 2015 10:19
Екіжақты кездесу барысында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова мен австриялық I.T.S. GmbH компаниясының президенті Рене Бернштайнер Қазақстанда жоғары сапалы травматологиялық бұйымдар өндіру зауытын салу мәселесін талқылады.

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі хабарлағандай, Тамара Дүйсенова I.T.S. GmbH компаниясының Қазақстанда пластиналар, бұрандалар, штифттер, арнайы импланттар мен  құралдар өндіретін кіші зауыт салу туралы ұсынысын зерделей келе, оны қолдады.

 «Қазіргі уақытта біз денсаулық сақтау саласын модернизациялауды жүргізіп жатырмыз және оның бағыттарының бірі ­– жаңа технологияларды енгізу», - деп атап өтті министр.

Тамара Дүйсенова Қазақстанда шетел инвестициялары үшін өте қолайлы жағдайлар жасалғандығын, ал келесі жылдан бастап шетелдік жұмыс күшін тартуға жеңілдікті режим белгіленетінін атап айтты.

«Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап тиісті фармацевтикалық тәжірибелер (GМP) стандарттарына сәйкес келетін дәрілік заттардың жалпы нарығы жұмыс істейтіндігіне байланысты, өнімнің сапасы жақсы болатын болса, ол үшін Ресей және Беларусь нарығы ашық болады», - деп түйіндеді ол.

Рене Бернштайнер өз кезегінде I.T.S. GmbH компаниясының ұсынысын қолдағаны үшін және Қазақстанда шетелдік инвесторлар үшін жасалған жағдайлар туралы берген ақпараты үшін Министрге алғыс білдірді.

«Сізге біздің ұсынысымызбен мұқият танысқаныңыз үшін алғыс білдіремін. Түркияда зауыт салғаннан кейін біз үшін тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл Еуразиялық экономикалық одақтың нарығы қызығушылық туғызады», - деді ол.

Айта кетейік, I.T.S. GmbH компаниясының негізі 1997 жылы қаланды, травматология мен ортопедияға арналған тиімді материалдар мен құралдар жасауға мамандандырылған. Компания австриялық және халықаралық әріптестерімен бірлесіп қысқа мерзімдерде нарыққа жаңа және бірегей өнімдер енгізеді.

 

 

Барлық жаңалықтар