• Басты
  • Жаңалықтар
  • ҚР делегаты Токиода «Орталық Азия + Жапония» диалогы Аға лауазымды тұлғаларының кеңесіне қатысты (Фото)

ҚР делегаты Токиода «Орталық Азия + Жапония» диалогы Аға лауазымды тұлғаларының кеңесіне қатысты (Фото)

6 Наурыз, 2015 08:54
Токио қаласында «Орталық Азия + Жапония» диалогы (ОАЖД) Аға лауазымды тұлғаларының 9-кеңесі өтті. Кеңес жұмысына Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан делегациялары, Орталық Азия және Кавказ бойынша Жапония СІМ арнайы өкілі және Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Асқар Мусинов бастаған Қазақстан Республикасының делегациясы қатысты, деп хабарлады ҚР СІМ.

Кеңес барысында Диалогқа мүше мемлекеттердің өкілдері халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелерін, соның ішінде халықаралық лаңкестікке, діни экстремизмге, есірткі тасымалына қарсы тұрудың түрлі аспектілерін, сондай-ақ мемлекеттік шекараларды бақылау тәртібін күшейту мәселелерін талқылады.

Іс-шара барысында өңірлік экономикалық ынтымақтастықты күшейтудің болашақ мүмкіндіктеріне және Орталық Азияның тұрақты дамуы мақсатында сындарлы және прагматикалық ықпалдастық тұрғысында ОАЖД жетілдіру жолдарына ерекше назар аударылды.

«Қазақстандық тарап отырыс барысында қарастырылған мәселелерді ескере отырып, жапондық дамуға көмек көрсету салалардағы JICA және JBIC ұйымдарының Орталық Азияның өңірлік ұйымдарымен (Халықаралық Аралды құтқару қоры, Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығы (ЦАРИКЦ), Дүлей апаттарға ден қою жөніндегі Орталық Азия орталығы) ықпалдастық мүмкіндіктерін атап өтті. Сонымен қатар, ҚР-да жаңадан құрылып отырған KazAID дамуға ресми көмек көрсету тетігіне назар аударды»,  - делінген хабарламада.

Сапар барысында Қазақстан делегациясының басшысы Жапонияның Сыртқы істер министрі Фумио Кишидамен кездесті, Жапония Парламентінің Вице-министрі Кентаро Соноурамен саяси консультациялар өткізді. Қазақстан мен Жапония арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың болашақ мүмкіндіктері және Жапония Премьер-министрі Синдзо Абэнің Қазақстанға ағымды жылы жоспарланған ресми сапары талқыланды.

 

Барлық жаңалықтар