• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қостанайда «Қазақстанда жасалған» акциясы аясында көліктердің тұсауы кесілді

Қостанайда «Қазақстанда жасалған» акциясы аясында көліктердің тұсауы кесілді

5 Наурыз, 2015 19:41
Қостанай облысында орналасқан «Агромашхолдинг» пен «Сарыарқаавтоөнеркәсіп» өндіріс алаңдарында «Қазақстанда жасалған» акциясының аясында отандық тауарларды насихаттауға арналған іс-шара өтті.

 Облыс әкімдігінің хабарлауынша, өндіріс үдерісімен мұнда Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықов бастаған делегация өкілдері танысты.  Делегация өкілдеріне көлікті дайындап шығару процесі басынан аяғына дейін толық көрсетілді. Бүгінгі таңда «Агромашхолдинг» пен «Сарыарқаавтөнеркәсіп» алаңдарында орналасқан 43 түрлі көлік үлгілерінің 7-уі бренд болып есептеледі.  Өнеркәсіп көрмесінде бүгінде елорданың көлік инфрақұрылымына енгізілген IvecoCitelis автобустары көрсетілді.

Бұл бағыттағы мәліметтер бойынша, елорда әкімдігі 2014 жылы аталмыш көліктерді қала тұрғындарына қызмет көрсету үшін сатып алған. Енді IvecoCitelis автобустары Қостанай зауытында да шығарылатын болады. Делегация өкілдері мұнда көрсетілген автобустардың ыңғайлылығы мен қызмет ауқымының кеңдігін жоғары бағалады. Т.Жақсылықов «Қазақстанда жасалған» акциясының аясында жасалған өнімдерді тамашалай отырып, аталмыш өндіріс орнында өзінің соңғы сапарынан кейін үлкен өзгерістер болғандығын тамсана жеткізді.  

 «Мен бұл зауытта осыдан 5 жыл бұрын болдым. Ол кезде зауыт тек көліктің кейбір құрылғыларын құрастыру жұмысымен ғана айналысатын. Ал бүгін аталмыш өндіріс ошағының қарқынымен бүкіл ел мақтана алады. Сіздердің мамандарыңыздың біліктілігі айтарлықтай өскендігі көрініп тұр. Біз Қостанайда шығарылған көліктерді мақтанышпен қазақстандық көліктер деп айтамыз»,- деді вице-министр.

Аймақ әкімдігі өкілдерінің мәліметтерінше, отандық тауар өндірушілерді қолдап келе жатқан әріптес компаниялардың бірі, нақтырақ айтқанда Helios компаниясы «Агромашхолдинг» кәсіпорнымен Iveco 682 базасында дайындалған 34 автоцистернаға тапсырыс берді. Кәсіпорынға деген мұндай сенім қазақстандық көліктердің сапасына деген сенімнің нәтижесі болса керек.

Айта кетейік, бүігнде құрамына «Агромашхолдинг» пен «Сарыарқакөлікөнеркәсіп» кәсіпорындары кіретін  «AllurGroup» компаниясы аймақтағы ең ірі кәсіпорындардың бірі.  Бүгінде онда 1,5 мыңнан астам адам жұмыс істейді және жұмысшылар саны мұнда жыл сайын артып келеді.

 

 

 

Барлық жаңалықтар