• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қазақстан мен Румыния арасындағы парламентаралық ынтымақтастық нығая түсті

Қазақстан мен Румыния арасындағы парламентаралық ынтымақтастық нығая түсті

5 Наурыз, 2015 17:53
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Серік Ақылбай, Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Серік Бектұрғанов және Парламент Мәжілісі Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Төлеш Кенжин құрамына енген қазақстандық парламенттік делегация Бухаресте сапарда болды.

Сенаттың баспасөз қызметі хабарлағандай, Парламент депутаттары екі мемлекеттің парламентаралық ынтымақтастығын дамыту аясында біздің еліміздің Конституциясы және Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай Қазақстан Елшілігі мен Румынияның Парламенті және Халықаралық қатынастар және экономикалық ынтымақтастық институтымен бірлесіп ұйымдастырған «Парламенттің демократиядағы рөлі. Қазақстан халқы Ассамблеясының үлгісі – бірлік пен ұлтаралық татуластықтың құрылуы» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты.

Конференцияда Румыния Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары, Энергетика мәселелері жөніндегі комитет төрағасы Флорин Константинеску, Сенаттың шетелдегі румын диаспорасы мәселелері жөніндегі төрағасы Марчел-Думитру Бужор, «Румыния-Қазақстан» бірлескен парламенттік тобының басшысы, Депутаттар палатасының мүшесі Костел Алексе, сондай-ақ саясаткерлер, мемлекеттік органдар, дипломатиялық корпус, ғалымдар мен іскер топтардың өкілдері қатысты.

Қазақстан Парламентінің мүшелері румын әріптестері мен қалың көпшілікті еліміздің құқық институттары құрылуы мен Ата заңымыздың тарихы, Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі, ұлтаралық пен дінаралық үнқатысуды өрістетудегі халықаралық бастамалар, оның ішінде Әлем және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі жайында хабардар етті.

Конференция сөз алған сенатор С.Ақылбай құқықтық және демократиялық мемлекет құрудағы еліміз Конституциясының басты рөлі мен ұлтаралық ынтымақ саласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының ерекше орнын айта келіп, «Қазақстан-2050» Стратегиясы мен Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы жол» Жолдауының негізгі бағыттары мен еліміздің келешек даму басымдықтарына тоқталды.

 

 

 

Барлық жаңалықтар