• Басты
  • Жаңалықтар
  • Алматыда 8 наурыз қарсаңында Ұлы Отан соғысына қатысушы әйелдерді құттықтады

Алматыда 8 наурыз қарсаңында Ұлы Отан соғысына қатысушы әйелдерді құттықтады

5 Наурыз, 2015 16:53
Алматы әкімі Ахметжан Есімов Ұлы Отан соғысына қатысқан, фашистік концлагерлерде болған, Ленинград блокадасын бастан өткерген, тылда жанқиярлықпен еңбек еткен әйелдер қауымын Халықаралық әйелдер күні - 8 наурыз мерекесімен құттықтады, деп хабарлады қала әкімдігі.

Қала басшысы әйелдердің Ұлы Отан соғысы Жеңісіндегі атқарған рөлін, асқан ерліктері мен баға жетпес үлестерін ерекше атап өтті.

«Сіздердің жастық шақтарыңыз өте ауыр соғыс жылдарына тап келді. Сол бір ауыр кезеңнің барлық қиындығын өздеріңіздің нәзік иықтарыңызбен көтере білдіңіздер. Тіпті, Отанымыздың намысы үшін, болашақ ұрпақтың тыныш өмірі үшін ер-азаматтармен бірдей шайқастыңыздар. Біздің сол үшін Сіздерге айтар алғысымыз шексіз! Сіздердің өмірлеріңіз бен жүрген жолдарыңыз жастарға жарқын үлгі!», - деді Ахметжан Есімов.

Мегаполис басшысы бүгінгі күні Алматыда тұратын 850 Ұлы Отан соғысына қатысушының 157 әйелдер екенін айтты.

«Өкінішке орай, олардың көбісі мұндай бас қосқан шараларға қатыса алмайды. Бірақ Сіздерді Халықаралық әйелдер күні қарсаңында ешкім де марапат пен назардан тыс қалмайды деп сендіре аламын», - деп атап өтті әкім.

Шара соңында Алматы әкімі биылғы 2015 жылдың символикалық мәніне де тоқталып өтті, олар - Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 70 жылдығы, Мемлекет басшысының Жарлығымен аталып өтетін Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан халықтары Ассамблеясы мен Қазақстан Республикасы Контситуциясының 20 жылдықтары.

Барлық жаңалықтар