Қарағандылық 7 ҰОС-тың ардагері Ұлы Жеңісті атап өту үшін Астанаға барады

4 Наурыз, 2015 19:36
Қарағандыда Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына дайындық жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды қала әкімдігі.

Жұмыс тобының өкілдері Ұлы Жеңісті атап өту үшін Астана, Мәскеу мен ТМД аймағындағы өзге де мемлекеттерде өтетін іс-шараларға қаладан облыстық делегация құрамында баратын азаматтардың тасымалын ұйымдастыру, сондай-ақ оларды бірыңғай киімдермен, медициналық қажеттіліктермен қамтамасыз ету, ардагерлердің жол жүруі мен өзге де жағдайлары кезіндегі  қауіпсіздікті қамтамасыз ету сияқты мәселелерді талқылады.

Сонымен қатар, «Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен болған бір апта: Маған болашақ сыйлаған адам!» атты жастар арасындағы әлеуметтік акцияның қорытындылары сөз болды. Бүгінгі таңда қалада барлығы 173 Ұлы Отан соғысының ардагері мен мүгедегі өмір сүруде. Осы кезде әрбір ардагердің қажеттіліктері анықталып, оған жауапты азаматтар мен демеушілер бекітілді.

Қала әкімдігінің хабарлауынша, Қазақстан Республикасында ҰОС-дағы Ұлы Жеңісті атап өту мен оған дайындық шараларының жоспарына сәйкес,  7 мамырда Астанада, 9 мамырда Мәскеуде өтетін іс-шараларға қатысатын ардагерлердің тізімі анықталды. Осы тізімге сәйкес, Қарағандыдан Астанаға 7 ардагер, Мәскеу қаласына 2 ардагер жолға шығатын болады.

 

«Қарағандының 7 колледжінің оқушылары ардагерлерге қол ұшын созып, көңіл бөлу мақсатында маңызды акцияларды ұйымдастырды. Жастардың ардагерлермен кездесулері бұнымен аяқталмайды. Осы сияқты акциялар әлі де жалғасады»,-деді әкімдік өкілдері.    

 

Барлық жаңалықтар