• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қазақстанда ақшасыз төлемдермен жұмысты әдетке айналдыру керек - С.Оспанов

Қазақстанда ақшасыз төлемдермен жұмысты әдетке айналдыру керек - С.Оспанов

4 Наурыз, 2015 14:03
Қазақстандықтарды қолма-қол емес ақшамен есеп айырысуға үйрету қажет, басқаша айтқанда, елде ақшасыз төлемдер жасауды барынша наихаттаған жөн, деді Парламент Мәжілісінің депутаты, Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Серік Оспанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-мәслихатында.

 «Бүгінгі таңда Ұлттық банк ел Үкіметімен бірлесіп, 2015-2016 жылдарды қамтитын   долларсыздануға бағытталған арнайы жоспар құрды. Ол негізгі үш бағыттан тұрады. Бірінші бағыт бойынша инфляция деңгейін төмендетіп, экономиканы әртараптандырып, импорт алмасуды үдетіп, соның арқасында макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселесін жолға қою қажет. Екінші бағыт – қолма-қол емес төлемдерді дамыту, көлеңкелі ақша айналымын қысқарту сияқты мәселелерді қамтиды. Бұл ретте ұлттық валютаның рөлін нығайту маңызды мәселелердің бірі екендігін ескеру керек»,-деді С.Оспанов

Оның сөзінше, осы кезде әлемнің көптеген мемлекеттерінде қолма-қол ақшасыз төлемдер жасау жүйесі дамыған. Сөйтіп, әлемде жаңа төлем жүйесі қалыптасып келеді, ал Қазақстанда осы саланы дамытуға мол мүмкіндік бар.

«Төлем карталарының айналымы жылына 15 пайызға артып отыр. Ал ақшасыз төлем әзірге 4 пайыз деңгейінде. Сол себепті нақты ақша қазір барлық қаржы айналымның 90 пайызын құрап отыр. Басқаша айтқанда біздің азаматтар картаны қолма-қол ақшаны шығарып алып, оны әрі пайдалану үшін ғана қолданады. Бұл дұрыс емес, ақшасыз төлем жасау мәселесін алдағы уақытта барынша насихаттап, нақты ақшаны пайдаланудан кетуіміз керек», - деді депутат.

Оның сөзінше, еліміздегі банктер бұл үдерістің жедел жүзеге асуы үшін барынша ықпал етулері керек. «Бүгінгі таңда елімізде сауда және қызмет көрсету орындарында ақша алатын терминалдар орнатуға мәжбүрлейтін кейбір заң талаптары бар екенін білеміз. Алайда, бұл терминалдарды мемлекет дер кезінде сатып алып үлгере алмады. Сол себепті Үкімет пен Ұлттық банкке, жалпы қоғам өкілдеріне осы бағыттағы жұмыстарды белсендірек жүргізу қажет»,-деп есептейді халық қалаулысы.

Үшінші бағыт бойынша, әрине, ұлттық валютаға берілетін басымдықтарды көбейту керек. «Қазіргі таңда бұл бағытта – тауарлардың сыртына жазылатын бағаларды тек ұлттық валютада ғана көрсету, депозиттік төлемдерді кепілдендіру көлемін 5 миллионнан 10 миллион теңгеге дейін арттыру, ал шетелдік валютамен салынған депозиттерге төленетін өтемақы көлемін керісінше  3 пайызға дейін төмендету сияқты шаралр қарастырылуда»,-деп қорытты сөзін Мәжіліс депутаты.   

     Индира Кауметова

 

 

Барлық жаңалықтар