• Басты
  • Жаңалықтар
  • Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі аясында сенім мен құрмет пайда болады - ІІ Гарегин

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі аясында сенім мен құрмет пайда болады - ІІ Гарегин

4 Наурыз, 2015 14:51
Қазақстан Республикасының Армения Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Айымдос Бозжігітов Жоғарғы Патриарх және бүкіл армян католикосы ІІ Гарегинмен кездесті.

ҚР Сыртқы істер министрлігі хабарлағандай, кездесу барысында Қазақстанның елшісі ІІ Гарегинге Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі Хатшылығының басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ү.ж. 10-11 маусым аралығында Астана қаласында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының V съезіне қатысуға шақыру хатын тапсырды.

Сондай-ақ, қазақстандық дипломат бүкіл армян католикосына ұлтаралық және конфессияаралық келісім саласындағы Қазақстанның тәжірибесі туралы және әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездерінің нәтижелері туралы хабардар етті.

Жоғарғы Патриарх және бүкіл армян католикосы әлемде бейбітшілік пен келісім орнату мақсатындағы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасын жоғары бағалай отырып, өркениеттердің жаһандық диалог жүргізуде беделді халықаралық алаңға айналған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі шеңберінде түрлі дін өкілдерінің арасында байланыстар орнатылып, соның нәтижесінде олардың арасындағы сенім мен өзара құрмет арта түсетінін атап өтті.

Барлық жаңалықтар