Балқашта тәулігіне 17 тонна өнім шығаратын нан зауыты ашылды

4 Наурыз, 2015 12:49
Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков Балқаш қаласына барған жұмыс сапары барысында әлеуметтік маңызды нысандардың қатары жаңадан ашылған нан комбинатымен толықты.

«Жаңа нан комбинатының іске қосылуы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасы аясында биылғы жылдың үлесіне тиетін алғашқы кәсіпорын болуымен маңызды», - деп атап өтті аймақ басшысы өзінің салтанатты рәсімдегі құттықтау лебізінде. 

Жаңа нан комбинаты құрылысын салудың алғышарты – 1967 жылы іске қосылған ескі нан зауытының  қондырғылары мен технологиясы соңғы ондаған жылдар бойы жаңғыртылмағаны болды. Бұл, өз кезегінде өнім көлемінің азаюына, электр қуатын үнемдеуге бейімделмеген ескі қондырғының өнімнің өзіндік құнын ұлғайтуға соқтырды. 2014 жылы «Пульс» ЖШС қуаттылығы тәулігіне 17 тоннаға дейін өнім беруге лайықталған қазіргі заманғы нан комбинатының құрылысын салу туралы шешім қабылдады.

Аталған жобаны іске асыру үшін «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ және «Цеснабанк» АҚ қолдауымен 500 млн. теңге көлемінде инвестиция салынды. 100 жұмыс орыны құрылды. 
Нан комбинаты еуропалық елдердің жетекші фирмаларының қазіргі заманғы қуат үнемдеуі тиімді қондырғыларымен жарақталған. Ал, жаңа технологиялар өндірістің экологиялық тазалығын, дәмділігі мен құнарлылық сапасының артуын қамтамасыз етеді. Қазір өнімнің 30 түрі өндірілсе, келешекте олардың саны 40-қа жеткізілмекші.

Облыс әкімі сапар түйінінде ғимаратын диагностикалық-кеңес беру орталығы ретінде күрделі жөндеуден өткізу көзделген №1 қалалық аурухана филиалында болды.

Барлық жаңалықтар