• Басты
  • Қарағанды облысында 542 млн теңгенің 200 орындық балабақшасы ашылды

Қарағанды облысында 542 млн теңгенің 200 орындық балабақшасы ашылды

3 Наурыз, 2015 15:48
Бейсенбі күні облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков жұмыс бабындағы сапармен Шет ауданында болып, осы өңірлердегі әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламаларының жүзеге асырылу барысымен танысты.

Облыс әкімдігі хабарлағандай, Шет ауданында аймақ басшысы құрамында қорғасын мен мырышы мол кен өндіру бойынша ел көлеміндегі жетекші кәсіп­орындардың бірі – Ақжал кен орнындағы «Nova Цинк» ЖШС тау-кен байыту фабрикасының ты­ныс-тірлігін бағамдады.

Қазіргі таңда фабриканың бас корпусының өнімділігі жылына 1 млн. 200 мың тонна кенді құрайды. Өндіру жұмыстары ашық тәсілмен жүргізіледі. Кәсіпорын еңбеккерлері үшін қолайлы тұрмыстық жағдай тудырылған, өндіріс алаңында жа­тақхана, екі қонақ үйі, дербес жылу беру қазандығы, медициналық ор­талық, жуынатын және кір жуу ор­ын­дары, сондай-ақ, спорт кешені бар.

Облыс әкімі Приозерск қала­сында ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери бөліміне барып, ашық алаңдағы артиллерия мұражайын тамашалады, сонымен қатар, әс­кери қызметкерлердің тамақтану жағдайын зерделеді.

Содан кейін Нұрмұхамбет Әб­дібеков «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы кеңсесінде аза­маттарды қабылдау өткізді. Қабылдауға жазылған тұрғындар жүздесу кезінде қалада тұратын оралмандарды баспанамен қам­та­масыз ету, ауыз сумен жабдық­таудың сапасын көтеру секілді мәселелерді алға тартты. Осы және өзге де мәселелер бойынша облыс әкімі толыққанды әрі тұщымды жауап­тар берді.

Аймақ басшысы атбасын бұрған келесі нысан – қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында, құрылысы «Ақ бұлақ» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынып жатқан қалалық су қоймасы болды.

Сапар барысында облыс әкімі қаланы әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамытудың кешенді бағ­дарламасы аясында салынған, жалпы құны 542 млн. теңгені құрайтын, 200 тәрбиеленушіге арналған «Ба­лақай» балабақшасының ашылу рәсіміне қатысты.

Ол сондай-ақ, қолға ал­ынған пәрменді шаралардың нәти­жесінде, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балдырғандарды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші облыста 98 пайызға жеткізілгенін атап өтті.

Былтырғы жылы 4 балабақша қолданысқа берілсе, енді, олардың қатарына биылғы жылдың алғашқы жетістігі – осы балабақша қосылып отыр.Қала жұртшылығын – ата-аналар мен тәрбиешілерді көптен күткен қуанышты жайтпен ақжарыла құттықтап, ақ пейілді тілегін бүкпесіз ақтарған облыс әкімі балабақша ұжымы мен балғындарға толымды сый – мультимедиялық тақта тарту етті.

Барлық жаңалықтар