• Басты
  • Жаңалықтар
  • Нұрлан Нығматулин: Үкімет көлік пен үйге салық салудың дифференциялық әдісін ескермей отыр

Нұрлан Нығматулин: Үкімет көлік пен үйге салық салудың дифференциялық әдісін ескермей отыр

6 Қазан, 2013 12:37
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланған, «Нұр Отан» партиясының парламенттік фракциясы жиынында Мәжіліс Төрағасы, фракция жетекшісі Нұрлан Нығматулин салықты есептеу кезінде, атап айтқанда, көлік, үй салығына келгенде теңгерімдік әдістің қажеттілігін айтты.

Мәжіліс Спикері үкіметтік нұсқада негізгі салмақ көлемі 3 мыңнан 4 мың текше см-ге дейінгі көліктерге түсетіндігін, сондай-ақ, олардың  жылы, тозығы ескерілмейтіндігін және көлемі 4 мың текше см-дан асатын темір тұлпарлардың салығын ұлғайту қаралмағандығын ескертті.  

- Сонда көлемі 4-мың текше см-дан, 5-тен, 6-дан асатын, ерекше санатқа жатқызылатын көліктер қайда? Мысалы, бір жарым миллион еуро тұратын, қозғалтқыш көлемі 6 мың текше см Мазератти көлігіне салынатын салық он жыл бұрынғы, көлемі 4 мың текше см  Тойота-Прадомен бірдей болғаны ма,-деді Нұрлан Нығматулин.  

Мәжіліс Төрағасы жылжымайтын мүлікке салынатын салықтың олқы тұстарын да назардан тыс қалдырмады.

Алаңы 150 шаршы метрден асатын пәтерлер мен 300 шаршы метрден асатын жеке меншік үйлерге салық көлемін 3 есе жоғарлататын коэффициент туралы айта келіп, Нұрлан Нығматулин онда, ең алдымен, баспананың нақты құны есепке алынбағандығын атап айтты. 

- Сіздердің коэффициент үйдің сапалық сипаттамасына да, тұратын адамдар санына да құрылмаған. Бұл сіздерде қымбат баспанаға жатқызатын нақты өлшемнің жоқтығының белгісі. Соның салдары қымбат баспанаға төленетін салықты шарықтатуға мүмкіндік бермей отыр, -деп атап өтті Спикер.

Сонымен қатар, Нұрлан Нығматулин Салық кодексіне ұсынылып отырған үкіметтік түзетулер көлікке және үйге салықты ұлғайтуда әлеуметтік әділдік және дифференциялық ұстаным негізінде өзгертілуге тиістігін қадап айтты.  

- Сән-салтанатқа, байлыққа салынатын салық деген осы. Біздің ұстанымымыз айқын: кім қымбат көлік пен  зәулім үйге ие, солар салықты көп төлеуге тиіс,-деп нақтылады Нұрлан Нығматулин.  

 

 

 

 

Барлық жаңалықтар