Н. Нығматулин сән-салтанаттың лайықты салығын енгізу үшін

6 Қазан, 2013 14:49
«Нұр Отан» парламенттік фракциясы үкіметтің бағалы дүниелерге байланысты салықты ұлғайту заңнамасын қайта қарауды ұсынды.

4 қазан күні Мәжіліс залында «Нұр Отан» партиясының парламенттік фракция жиыны болып өтті.  Депутаттар алдында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев Салық кодексіне өзгерістер енгізу туралы баяндамасын қорғады. Заңнамаға 170 өзгеріс енгізілді, оның 2 дау туғызды.

Мәжіліс Спикері үкіметтік нұсқада негізгі салмақ көлемі 3 мыңнан 4 мың текше см-ге дейінгі көліктерге түсетіндігін, сондай-ақ, олардың  жылы, тозығы ескерілмейтіндігін және көлемі 4 мың текше см-дан асатын темір тұлпарлардың салығын ұлғайту қаралмағандығын ескертті.  

«Сонда көлемі 4-мың текше см-дан, 5-тен, 6-дан асатын, ерекше санатқа жатқызылатын көліктер қайда? Мысалы, бір жарым миллион еуро тұратын, қозғалтқыш көлемі 6 мың текше см «Мазератти» көлігіне салынатын салық он жыл бұрынғы, көлемі 4 мың текше см  «Тойота-Прадомен» бірдей болғаны ма»,-деді Нұрлан Нығматулин.  

Мәжіліс Төрағасы жылжымайтын мүлікке салынатын салықтың олқы тұстарын да назардан тыс қалдырмады.

Алаңы 150 шаршы метрден асатын пәтерлер мен 300 шаршы метрден асатын жеке меншік үйлерге салық көлемін 3 есе жоғарлататын коэффициент туралы айта келіп, Нұрлан Нығматулин онда, ең алдымен, баспананың нақты құны есепке алынбағандығын атап айтты. «Темір тұлпарларға салынатын салық түріне қатысты – қозғалтқыш көлемі 4 мыңнан, 5 мың текше см-ге дейінгі көліктер үшін салық мөлшерін 130 АЕК дейін,  ал, көлемі 5 мың текше. см–ден асатын көліктер үшін салық мөлшерін –200 АЕК дейін өсіруді және қарапайым азаматтарымыздың мүддесіне нұқсан келтірмес үшін жаңа салықтық мөлшерлемелерді 2014 жылдың, 1-ші қаңтарынан бастап сатылып алынатын көліктерге қолдануды ұсынамыз. Яғни,  ертеректе сатылып алынған көліктер үшін бұрынғы салық көлемін қалдыру қажет»,-деді Нұрлан Нығматулин.

«Сіздердің коэффициент үйдің сапалық сипаттамасына да, тұратын адамдар санына да құрылмаған. Бұл сіздерде қымбат баспанаға жатқызатын нақты өлшемнің жоқтығының белгісі. Соның салдары қымбат баспанаға төленетін салықты шарықтатуға мүмкіндік бермей отыр», -деп атап өтті Спикер.

Сонымен қатар, Нұрлан Нығматулин Салық кодексіне ұсынылып отырған үкіметтік түзетулер көлікке және үйге салықты ұлғайтуда әлеуметтік әділдік және теңгерімдік ұстанымы негізінде өзгертілуге тиістігін қадап айтты.  

«Сән-салтанатқа, байлыққа салынатын салық деген осы. Біздің ұстанымымыз айқын: кім қымбат көлік пен  зәулім үйге ие, солар салықты көп төлеуге тиіс»,-деп нақтылады Нұрлан Нығматулин.   

 

 

 

Барлық жаңалықтар