- Басты
- Жаңалықтар
- Мемлекет басшысының Қазақстан халқына үндеуі
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына үндеуі
Құрметті қазақстандықтар!
Ел ішінде биыл кезектен тыс президент сайлауын өткізу мәселесі қызу талқылануда. Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі көтерген бастамаға қоғам өкілдері жан-жақты пікір білдіруде. Парламент депутаттары мен саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар, еңбек ұжымдары өз пікірлерін айтты. Маған күн сайын еліміздің түкпір-түкпірінен жүздеген хаттар келуде. Барша жұрт кезектен тыс президент сайлауын өткізу бастамасына қызу қолдау білдіруде.
Қымбатты отандастар!
Өткен 23 жыл – біз үшін ғасырға бергісіз жылдар. Кезең-кезеңімен жүргізілген тұрақты саясаттың арқасында біз бүгінгі белеске көтерілдік. Қазақ – қазақ болғалы қазіргідей төрт құбыласы түгел, қуатты елге айналып көрген емес. Біз бүгін қариясы қамсыз, азаматы алаңсыз, ұрпағы уайымсыз елдердің қатарына ұмтылдық. Біз үшін көк аспанымыз ашық, көк байрағымыз асқақ болғаннан артық мәртебе жоқ.
Жер бетінде саны қанша миллион болса да туын тігер ұлтарақтай жерді, ұрпағына мирас етер елді арман еткен ұлттар қаншама! Елі болғанмен бағдары жоқ, бағдары болғанмен берекесі жоқ халықтар да көз алдымызда. Қазақстан даму көшіне ілескен елдерден суырылып шығып, көш тізгінін ұстаған елдердің санатына бет алды. Бірақ, біз өткенді ешқашан ұмытпауға тиіспіз.
Қазақ – тарихи жады мықты, соңына қарап тәубесін айтқан, жолына қарап тәуекел еткен халық. Әсіресе, осы күндері маған жүздеген хаттар келіп түсуде. Жасы тоқсаннан асқан Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Байқуаныш Сәрсембин ақсақал былай деп жазыпты:
«Өткен ғасырдағы түрлі тарихи оқиғалардың бәрі менің көз алдымда өтті. Бірде құлдырап, бірде өрлеген қилы замандарды көрдік. Бірақ, дәл қазіргідей Алтын Ғасыр халқымыздың басында ешқашан болған емес. Елінің шекарасын бекітіп, барлық елдермен достық қатынас орнатып, барша адамзатқа билік айтқан Қазақ баласы ешқашан болмаған», - дейді Байқуаныш қария.
Мен жеткен абырой, мәртебе – барша Қазақстанның мерейі. Әрбір хат иесінің бүгінгі Қазақстанды мақтан етіп, марқаятынын көремін.
Біз өресі биік, рухы берік, отаншыл елміз. Біз үшін туған елдің бір уыс топырағынан қасиетті жер жоқ, бір түп жусанынан жұпар иіс жоқ. Елдің бірлігін нығайтып, Отанымызды көркейтуге бағытталған кез-келген ұсыныс мен үшін құнды. Қоғамда талқыланып жатқан кезектен тыс президент сайлауын өткізу жайын мен осы тұрғыдан сараладым.
Қымбатты қазақстандықтар!
Қайта қаһарына мінген әлемдік дағдарыс жағдайында бірлік бізге бұрынғысынан бетер құнды. Мемлекеттің тыныштығы мен елдің бірлігін сақтап, дамыту Президенті бастап, елі қостаған кезде ғана баянды болмақ. Жауапкершілік бүкіл халыққа да жүктеледі. Осыны ұмытпайық. Алдағы биік белестер мен асқар асулар үшін біз барлық кедергілерді бағындырып, алға басуға тиіспіз.
Құзырлы органдар Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасы еліміздің Конституциясына және сайлау туралы заңға сай деген қорытынды шығарды. Мен сайлауға қатысты «иә» мен «жоқты» мұқият ой таразысына салдым. Сөйтіп, «кезектен тыс президент сайлауын өткізген жөн» деген пайымға келдім. Сайлау елімізді ұлы істерге ұйыстырып, баянды болашақ жолында біріктіре түсеріне сенемін. Қазақстандықтарды ел тарихындағы тағы бір тағдырлы оқиғаға жауапкершілікпен қарап, белсене қатысуға шақырамын.
Баршаңызға бірлік пен береке, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін!
-
Сарапшы: «Қазақстан ұлт болып ұйысудың өзіндік моделін қалыптастырды» -
Қазақстан мен әлемдегі эпидемиологиялық жағдай: «Омикрон» штамы әлемнің 20 мемлекетінен табылды -
Қазақстан сыртқы саясатының 30 жылдық белестері -
Асқар Мамин: Қазақстан өз даму жолында сапалы серпіліс жасады -
ДСМ: Қазақстанда коронавирус жұқтыру 2,4 есеге азайды -
Қазақстанда ревакцинациялау науқаны басталды -
Қазақстанның сыртқы саясаты: Экономикалық дипломатия, геосаяси жағдай, экспорт және инвестиция -
АШМ: Қазақстанда дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды жинау аяқталды -
Қазақстанда Pfizer вакцинасымен кімдер егіледі, қайда және қалай жүзеге асады -
Қазақстанға Pfizer вакцинасының алғашқы партиясы жеткізілді -
Ақтөбе облысының дамуы: Мемлекет басшысының тапсырмасы қалай жүзеге асып жатыр -
Сарапшылар: «Қазақстан студенттер альянсы» дайындаған рейтингтер сапасыз» -
COVID-19: Министр Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдайға жаңа болжам айтты -
«Болашақ бүгіннің өзінде»: Қазақстанда Нобель фестивалі өтеді -
«Жасыл Қазақстан»: Ауа сапасын жақсарту, биоалуантүрлілікті сақтау және экомәдениетті қалыптастыру