ОҚО-да ауыл шаруашылығының жалпы көлемі 2014 жылы 324,6 млрд теңгені құрады

23 Ақпан, 2015 09:13
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов жаңа әкімшілік-іскерлік орталығындағы «Түркістан» сарайына жиналған екі мыңға жуық тұрғынның алдында өткен жылды қортындылап есеп берді.

Облыс басшысының айтуынша 2014 жылы жалпы өңiрлiк өнiм 200 млрд. теңгеге артып, 2,3 трлн. теңгеге жеткен, осылайша аймақтағы экономикалық өсім 6 пайызды құраған. Өнеркәсіп өнімі 649,2 млрд. теңгені құрап, өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі бір адамға шаққанда 76,3 мың АҚШ долларына теңелген, деп хабарлады облыс әкімдігі.

«Бұл республикадағы жоғары көрсеткіш. Индустрияландыру картасы аясындағы 223 жобаның 65 пайызы ауылдық жерлерде жүзеге асуда. Бүгінге дейін 137 жоба іске қосылып, 11 мыңнан астам жұмыс орны ашылған. Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының алғашқы бесжылдығында оңтүстікте бұрын соңды болмаған жаңа технологиялық және фармацевтикалық бұйымдардың өндірісі қолға алынған», - деді әкім.

 «Оңтүстік» индустриалды аймағындағы» 38 кәсіпорында 2800 жұмыс орны ашылып, 18 млрд. теңге инвестиция тартылған. Мұнда 33 жобаның құрылысы басталған. Жалпы аймақта 76,8 млрд. теңге игеріліп, 6699 жұмыс орны бар 71 жоба жүзеге асырылмақ. Нәтижесінде, бюджеттік 1 теңгеге 18 теңге жеке инвестиция тартылды. Шымкентте жаңа төрт индустриалды аймақ құрылды. Атап айтқанда, «Тассай», «Қазақ-түрік», «Бадам» және агро-индустриалды аймақ.

Алғашқы үш аймақта жалпы 27 инвестжоба іске асып, 6658 жаңа жұмыс орындары ашылса, агро-индустриалды аймақта жылына 25 мың тонна көкөніс өндіріліп, 800 жұмыс орнын ашу көзделуде. Шымкенттегі «Сауда-логистикалық орталығында» 8 ірі жоба жүзеге асуда. Былтыр мұнда халықаралық стандарттарға сай «А» класты қойма іске қосылды. Дәл осы сынды орталықтар Түркістан мен Мақтаралда да салынуда. Есепті кездесу барысында бірқатар азаматтар тұрмыстық және қоғамдық мәселелер бойынша облыс әкіміне  сұрақ қойды. Өз кезегінде облыс әкімі сауалдарға тыңғылықты жауап беріп, халықтың оң бағасын алды.

 

Барлық жаңалықтар