• Басты
  • Жаңалықтар
  • Өнер қайраткерлері Елбасына Отанымыздың игілігі жолындағы қажырлы еңбегіне алғыс айтты

Өнер қайраткерлері Елбасына Отанымыздың игілігі жолындағы қажырлы еңбегіне алғыс айтты

20 Ақпан, 2015 20:57
Мемлекет басшысының атына ғылыми-зерттеу мекемелерінің жұмысшыларынан, қоғамдық бірлестіктердің мүшелерінен, мәдениет өкілдерінен, сондай-ақ елдің түрлі өңірлеріндегі азаматтардан бастамаға және Қазақстанның тұрақтылық пен орнықты даму бағдарын сақтауға қолдау білдірген хат-хабарлар көптеп келіп жатыр.

А.Әшімов, Н.Ықтымбаев, С.Елубай, С.Нарымбетов және Р.Әбдірәшов сынды кинематография өнерінің бірқатар танымал қайраткерлері Нұрсұлтан Назарбаевтың Отанымыздың игілігі жолындағы қажырлы еңбегіне рақмет айтып, Президент сайлауын өткізуді зор ықыласпен және шынайы қолдайтындықтарын атап өткен.

«Бүгінде Қазақстанның кинематографиясы бұрын-соңды болмаған өрлеуге бет алғанын, қазақ киносының абыройы көз алдымызда асқақтап келе жатқанын бәрі көріп отыр. Бұл біздің еліміздің тұрақтылығының айқын көрсеткіші,  өйткені «зеңбіректер гүрсілдеп жатқанда, муза тұншығады». Суретші «тұрмыс тауқыметінің қою түтінінде» шығарма тудырып, ойлағанын жүзеге асыра алмайды. Сіз бізге шығармашылық туындылар жасауға мүмкіндік беріп отырсыз. Болашағымызды Сізбен бірге болу арқылы ғана көреміз», – делінген хатта.

Экономика институтының, «Ғылым ордасы» РМК, Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Философия, саясаттану және дінтану институтының басшылары  инновациялық индустрияландыруды, инфрақұрылымдық дамуды елдің басты басымдылықтарының бірі ретінде жариялау ғалымдар үшін маңызды оқиға болғанына назар аударған.

«Отандық ғылымды жүйелі қолдауға бағытталған Сіздің саясатыңыз елеулі нәтиже берді. Ғылыми қызметкерлердің саны өсіп келеді. Біз Сіз ұсынған бағдарламалар мен стратегияны толығымен қолдаймыз және ғылыми-техникалық прогресс туын әрі қарай да абыроймен алып жүретінімізге сендіреміз. Кез келген міндеттер пен биік мақсаттарға біз Ұлт Көшбасшысымен бірге жете аламыз», – делінген хатта.

«Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі өзіне офицерлерден, сарбаздардан, әскери бөлімдерден және күш құрылымдарынан келіп жатқан хаттарда тұрақты дамуды, Отанымыздың биік беделін тікелей Жоғарғы Бас Қолбасшының есімімен байланыстыратындары атап өтілгенін хабарлайды.

«Біз сайлау өткен жағдайда азаматтардың Мемлекет басшысына сенімін, қолдауын және құрметін растайтын құжатқа еш күмәнсіз қол қоямыз», – деп жазады авторлар.

Студенттік спорт федерациясы біріктірген қазақстандық жоғары оқу орындарының барлық  спортшы студенттері Президент сайлауын өткізу елімізде спортты дамыту жөніндегі амбициялы жобаларды табысты жүзеге асырудың кепілі болып саналатын Қазақстан қоғамындағы тұрақтылықты сақтауға септігін тигізетінін атап өткен.

«Өз еліміздің патриоты және Сіздің саяси бағдарыңыздың жақтаушысы бола отырып, Сізге 2017 жылы Дүниежүзілік қысқы универсиаданы өткізу туралы идеяны жүзеге асырғаныңыз үшін алғыс айтамыз. Соның арқасында біз туған жерімізде өнер көрсету мүмкіндігіне ие болдық. Испанияның Гранада қаласында өткен Дүниежүзілік универсиадада жоғарғы үшінші орынды иеленген біздер өз Отанымызда бұл нәтижені жақсартуға тырысамыз. 2017 жылғы Дүниежүзілік қысқы универсиаданы табысты өткізу және 2022 жылы Қысқы Олимпиада ойындарын Алматыда өткізу құқығын иелену мүмкіндігін біз Сіздің атыңызбен ғана байланыстырамыз», - деп жазады студенттер.

 «Қазақстан мүгедектері ұйымдарының одағы» бірлестігі, «Жоғары білімі бар мүгедектердің «Намыс» қоғамдық бірлестігі» және «Мен өмірді сүйемін» қоғамдық қоры басшылары бүгінде республикада мүмкіндігі шектеулі адамдардың толыққанды өмір сүрулері үшін барлық жағдай жасалып жатқанын айтады.

«Елімізді дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосу жөнінде биік мақсаттар мен міндеттер белгілей отырып, біз іргелі мүмкіндіктерге иеміз. Елімізде өмір сүру деңгейі ұдайы өсіп келеді. Мүмкіндігі шектеулі адамдардың кәсіпкерлердің қатарын толтыруы біз үшін дәстүрлі жайтқа айналған. Бұлар Сіздің қолдауыңыздың арқасында еліміз бен қоғамды дамытуға өз үлестерін қосуға мүмкіндік алған белсенді әрі мақсаткер азаматтар. Біз Сізге сенеміз, еліміздің болашағын Сізбен ғана байланыстырамыз», – делінген хатта.

Барлық жаңалықтар