• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қазақстанның ұлттық зиялы қауымы ҚХА-ның 2015 жылы Президент сайлауын өткізу жөніндегі бастамаcын қолдады (Фото)

Қазақстанның ұлттық зиялы қауымы ҚХА-ның 2015 жылы Президент сайлауын өткізу жөніндегі бастамаcын қолдады (Фото)

20 Ақпан, 2015 09:53
«Нұр Отан» партиясының жанындағы мәдениет пен өнерді дамыту мәселелері жөніндегі «Мирас» қоғамдық кеңесінің ағымдағы жылғы алғашқы мәжілісі болып өтті.

Іс-шара барысында Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 70 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының және Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығы іс-шараларын атап өту мәселелері қаралды.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес 11 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында жарияланған аса маңызды мерейтойлық шаралар азаматтарды жаппай ақпараттандыру және ағарту арқылы ең алдымен, тәрбиелік сипатта өтіп, елдің ынтымағы мен ауызбіршілігін, келісімін нығайтуы керек.

Осындай ұсынысты алға тарта отырып ҚР Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Ғ.А.Ахмедьяров, ҚР Қарулы Күштері Бас штаб бастығының орынбасары М.К.Таласов, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Е.Манжуов баяндама жасады.

Сонымен қатар, күн тәртібін талқылау барысында зиялы қауымның белді өкілдері Мырзатай Жолдасбеков, Әкім Тарази, Сұлтанғали Балғабаев, Айман Мұсаходжаева Қазақстан Халқы Ассамблеясының 2015 жылы Президент сайлауын өткізу жөніндегі бастамасына қолдау білдірді.

Бастаманың бұдан әріде қоғам бірлігін арттыру, азаматтар мен мемлекеттік органдардың «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыру жолында тізе қосып қимылдауы аясында, сондай-ақ, жаһандық геосаяси және экономикалық тұрақсыздықтың өсуі жағдайында дер кезінде көтерілгені және өзектілігі атап өтілді.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Ешқандай ысырапшылдыққа жол берілмеуге тиіс. Үкімет бұқаралық іс-шараларды өткізуге арналған шығындарды қысқарту мәселесін қарастырғаны жөн. Мерейтойларды және оған кететін бюджет қаражатын қысқарту керек» деген болатын. Осыған орай, «Мирас» қоғамдық кеңесі де сонда берілген тапсырмалардың ойдағыдай орындалуын қадағалаудың маңыздылығын көтеріп отыр. Яғни, ағымдағы жылдағы айтулы шараларды өткізген кезде қаржыны сән-салтанатқа ғана ысырап етпей, өскелең ұрпақ үшін тәрбиелік мәнде ұйымдастырылуына күш салуға тиіспіз», - деп атап өтті жиын барысында Мәулен Әшімбаев.

Мәдениет пен өнерді дамыту мәселелері жөніндегі «Мирас» қоғамдық кеңесі 2010 жылы құрылған болатын. Бүгінде Кеңес танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері мәдениет пен өнер саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуы бойынша ұсынымдар әзірлейтін беделді алаң болып табылады

 

 

Барлық жаңалықтар