• Басты
  • ШҚО-да ҰОС Жеңісінің 70 жылдығын атап өту мәселелері талқыланды
20 Ақпан, 2015 09:21

ШҚО-да ҰОС Жеңісінің 70 жылдығын атап өту мәселелері талқыланды

ШҚО-да қоғамдық кеңестің жаңа жылдағы алғашқы отырысы өтті, деп хабарлады аймақтық ішкі саясат басқармасы.
ШҚО-да ҰОС Жеңісінің 70 жылдығын атап өту мәселелері талқыланды

Кеңейтілген отырыста ҰОС Жеңісінің  70 жылдығын ұйымдастыру мен өткізу бойынша іс-шаралар кешенін іске асыру барысы туралы баяндалды.

ШҚО Ішкі саясат басқармасының басшысы Ербол Нұрғалиев мерейтойды лайықты өткізуде өңірлік кәсіпкерлердің белсенділін атап өтті. «Жеңістің 70 жылдығы өзге мерейтойлармен бірге өңірде жоғары дәрежеде мерекеленеді. Аймақта ескерткіштер мен мемориалдық кешендер, стеллалардың жалпы саны 338. Кешендер мен ескерткіштердің бірқатарын абаттандыруды жеке кәсіпкерлер өз мойнына алып отыр. Сондай-ақ, ШҚО Ардагерлер Кеңесі арнайы ашқан есепшоттың есебінен «Бәрі де майдан мен Жеңіс үшін», «Рухымен мықты» атты кітаптар жарыққа шығады»,  деді Е.Нұрғалиев.

Басқарма басшысы сонымен қатар, майданға Шығыс Қазақстаннан аттанған, алайда бұл күнде облыс аумағында тұрмайтын соғыс ардагерлері өңірлік ірі шаралардың барлығына шақырылатынын мәлімдеді.

Е.Нұрғалиевтың айтуынша, аймақ бойынша 109 Кеңес одағының батырынан бұл күнде екеуі ғана тірі. Қос ардагерде де облыс аумағынан көшіп кеткен. Атап айтқанда, Степан Борозенец АҚШ Чикаго қаласында, Иван Косенков Алматы облысының Үштөбе ауданында тұрады. «Өңірлік іс-шараларға келуге ардагерлеріміздің денсаулығы жар бермеуі мүмкін. Десе де, олар назардан тыс қалмайды. Ардагерлерімізге өңіріміздің атынан құттықтаулар жолданады»,  деп түйді ол.

Барлық жаңалықтар