• Басты
  • Жаңалықтар
  • Елбасының атына келген хатта елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін сайлау өткізудің қажеттілігі аталған

Елбасының атына келген хатта елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін сайлау өткізудің қажеттілігі аталған

18 Ақпан, 2015 19:55
Мемлекет басшысының атына ел азаматтары мен түрлі ұйымдарынан бастамаға қолдау білдірген, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған бағдарымызды тұрақты жалғастыру үшін сайлау өткізудің қажеттілігін атап көрсеткен хаттар толассыз келіп түсуде. Елдің еңбек ұжымдарынан көптеп келіп жатқан хаттарда Мемлекет басшысына қолдау білдірілген.

Ақорданың баспасөз қызметі хабарлағандай, Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігінің жұмысшылары сайлау өткізу әлемдік дамудың жаңа сатысында халықты одан сайын ұйыстыра түсетініне және барлық қазақстандықтарды «Нұрлы жол» бағдарламасы мен «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру үшін біріктіруге ықпал ететініне сенім білдірген. 

«Бірлестіктің 20 мың адамдық ұжымы Отанымызды ілгерілетуге және орнықты дамытуға бағытталған бастамаларды әрдайым қолдап келеді және қолдай беретін болады. Біз бүгінгідей күрделі уақытта Сіздің саяси батылдығыңыздың арқасында тәуелсіз Қазақстанның әрбір даму кезеңі жетістіктердің, көпұлтты Отанымыздың бірлігі мен тұрақтылығын нығайтудың жылдарына айналғанын айқын сезініп отырмыз.   Қазақстан Сізбен бірге міндетті түрде табысқа жетіп, әлемдегі экономикасы дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіретін болады», – делінген хатта.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ қызметкерлері мен ардагерлерінің ашық хатында әлемдегі күрделі қаржы-экономикалық ахуал жағдайында біздің елімізде дамудың дағдарысқа қарсы айқын жоспары – «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты бар екені атап көрсетілген.

«Президент сайлауын өткізу «Нұрлы жол»  аталған Қазақстан халқына жолдауды, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын табысты жүзеге асырудың, түпкі нәтижеде Қазақстандағы әрбір отбасының әл-ауқатын арттырудың кепілі болады деп санаймыз», – делінген Қазақстан теміржолшыларының хатында.

«Қазмырыш» компаниялар тобы мен мердігерлік ұйымдарының мыңдаған адамы бар көптэтносты ұжымынан келген хатта қазақстандықтар  Елбасының басшылығымен ертеңгі күнге, тұрақты жұмысқа, татулық пен келісімде өмір сүру мүмкіндігіне деген сенімге ие болғандарына назар аударылған.

«Металлургиялық пештің жанында шыңдалған біздің Президент бүгінгі жұмысшы қалай өмір сүретінін, қарапайым қазақстандыққа не керегін жақсы біледі. Бізге мемлекет басында «Нұрлы жол» бағдарламасын, «Қазақстан -2050» ұзақмерзімді Стратегиясын орындауға басшылық жасауды жалғастыратын көшбасшының қалғаны қажет. Ұлт Көшбасшысымен бірге бізге ешқандай қиындық қорқынышты емес», – деп жазады авторлар.

Ал «Қазхром» трансұлттық компаниясы» АҚ жұмысшылары ел бірлігіне, өркендеуі мен игілігіне бағытталған жұмысты жалғастыру үшін Мемлекет басшысына жалпыұлттық сенімнің жаңа мандатын берудің қажеттігі туралы ұсынысты қолдау өздерінің азаматтық парызы екенін хабарлайды.

«Ең қиын уақыттарда біз жас мемлекетіміздің экономикасы мен өнеркәсібін қалыптастырудың күрделі кезеңін Сіздің басшылығыңызбен өткердік. Сіз бізге татулықты, келісім мен экономикалық тұрақтылықты сақтау жөніндегі айқын мақсаттар мен міндеттерді белгілеп бердіңіз. Сіз бірде: «Егер кеме қай портқа баратынын білмесе, оған ешқандай жел серік болмайды» деген едіңіз. Біз Сізбен қайда баратынымызды білеміз. Ең бастысы, сол мақсатқа біз бірге бара жатырмыз», – делінген хатта.

Президент сайлауын биыл өткізу халыққа, сондай-ақ барлық атқарушы және өкілді билік органдарына белгіленген міндеттерді жүзеге асыру ісіне жұмылуға мүмкіндік беретінін атап өткен «Қазақстан алюминийі» АҚ еңбек ұжымының мүшелері де бастаманы қолдайтындарын мәлімдеді.

«Біз өркендеу мен тұрақтылықты, балаларымыз бен немерелеріміздің жарқын болашағын қалаймыз, 2015 жылы ел Президентінің сайлауын өткізуді қолдаймыз. Біздің таңдауымыз – қуатты Қазақстанның қуатты көшбасшының  болуы», – делінген хатта.

 

Барлық жаңалықтар