Ақмола облысында 27 мың жұмыс орны ашылады

19 Ақпан, 2015 11:05
Ақмола облысында 27 мың жұмыс орнының ашылуына ықпал ететін 36 жоба іске асырылады, деді Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин тұрғындармен болған есепті кездесуінде.

Биылғы жылдың өзінде Ақмола облысында индустрияландыру картасының екінші бесжылдығының  аясында 2 мың тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз ететін 25 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Облыс әкімдігінің мәліметтерінше, бұл жобалардың қатарына Еңбекшілдер ауданындағы цемент зауыты, Степногорск қаласындағы алтын өндіру фабрикасы мен агрөнеркәсіп кешеніндегі құрылыс идустриялары бар.  

 Сондай-ақ Ерейментау ауданында қуаты 45 МВт-тық бірінші жел электрстансасы іске қосылады. Қазіргі таңда жер көлемі 350 гектар болатын 4 индустриалды аймақ құру мәселесі қаралуда. Көкшетау мен Степногорск қалаларында негізгі индустриалды аймақтар орналасады. Ал, Шортанды мен Целиноград аудандарында индустриалды аймақтар тоғысқан тұсы болады.

Облыс әкімдігінің мәліметтерінше, 2014 жылы өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 295,2 миллиард теңгеге жетті. Ал индустрияландыру картасының алғашқы бесжылдығында аймақта құны 119,6 миллиард теңге болатын 49 жоба іске қосылған. Онда 5 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындары құрылды. Алтын өндіруші кәсіпорындар 10,8 тонна алтын өндірді. Сонымен қатар, жалпы сомасы 17,1 миллиард теңге болатын қайта өңдеу саласындағы 10 жоба іске қосылды. Көкшетауда қуаты жылына 50 мың шаршы метрді құрайтын үй құрылысы комбинаты жұмыс істеуде. Бұл әлеуметтік маңызы зор жоба. Өйткені ол «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасының аясында салынатын үйлердің көлемін арттыруға айтарлықтай ықпал етеді.   

Барлық жаңалықтар