• Басты
  • Жаңалықтар
  • Мемлекет басшысына жазылған хаттарда қоғамдық бірлестіктер, еңбек ұжымдары мен ел азаматтары ҚР Президенті сайлауын кезектен тыс өткізуді қолдайтынын білдіруде

Мемлекет басшысына жазылған хаттарда қоғамдық бірлестіктер, еңбек ұжымдары мен ел азаматтары ҚР Президенті сайлауын кезектен тыс өткізуді қолдайтынын білдіруде

17 Ақпан, 2015 18:46
Мемлекет басшысының атына еліміздің түкпір түкпірінен қоғамдық бірлестіктер, еңбек ұжымдары мен экономика салаларында және әлеуметтік салаларда еңбек етіп жүрген ел азаматтары атынан Қазақстан халқы Ассамблеясы көтерген ҚР Президенті сайлауын уақытынан бұрын өткізу туралы бастамасын қолдайтыны туралы көптеген хаттар келіп түсуде, деп хабарлады Акорданың баспасөз қызметі.

«Жұмысшылар, аграршылар, шағын және орта бизнес, ғылым және мәдениет, шығармашыл зиялы қауым өкілдері, студенттер өз хаттарында мемлекеттің әрі қарай дамуында маңызды рөл атқаруға тиіс бастамаға жан-жақты қолдау танытуда», - делінген хабарламада.      

Атап айтсақ, «Нұр Отан» партиясының мәлімдемесінде ҚХА Кеңесінің бастамасы ел мүддесіне жауап беретін дұрыс қадам екені айтылған.

«Біздің халқымыз ел тарихының ең шешуші сәттерінде болашақ ұрпақ үшін даналық таныта отырып, бірліктің, өз Көшбасшысының айналасына топтасудың биік деңгейін көрсетті. Бұл «Қазақстан-2050» ұзақмерзімді Стратегиясы мен «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыруды қамтамасыз ете отырып, бұдан да күшті, бұдан да ұйымшыл болудың тарихи мүмкіндігі», – делінген хатта. 

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының мүшелері сайлау өткізу экономикалық және ақша-несиелік саясаттың сабақтастығын қамтамасыз етіп, инвесторларға сенімділік беретінін, елдегі іскерлік белсенділікті жандандыратынын атап өткен.

«Елдің қаржы ұйымдарының басшылары мен қызметкерлері қоғамымыздың экономикалық дамудың мейлінше жоғары сатысына қарай жүйелі қозғалысын қолдау ісіне өз үлестерін қосу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға дайын және ұсынылған сайлаудың маңыздылығын осы жолдағы қажетті кезең ретінде толық түсінеді», – деп жазады авторлар.

Түрлі кәсіпорындардың жұмысшылары да хат жолдап отыр.

«Болат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС жұмысшылары елді өркендету үшін алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру ісіне қатысуға дайын екендіктерін білдіреді.

«Біз электр энергиясын елдің барлық өңірлеріне және шетелге бағыттаймыз. Біздің міндетіміз – әр үйде күндіз де, түнде де электрдің болуы. Біздің тұтынушыларымыз тұрақтылықты жоғары бағалайды, ал біз тұрақтылықты тек Сізбен байланыстырамыз. Біз «Қазақстан-2050» Стратегиясын жалғастыруды, ішкі саяси тұрақтылықты нығайтуды, әрі қарай дамуды жақтаймыз. Сондықтан Сізден Президент сайлауын 2015 жылы өткізу бастамасын қолдауды сұраймыз», – делінген хатта.

Жамбыл облысындағы «Қазфосфат» ЖШС хатында алты мыңдық еңбек ұжымының негізгі тілегі – Нұрсұлтан Назарбаевқа сенетінін растау екені айтылған.

«Дәл бүгін бірлікті, келісім мен тұрақтылықты нығайту маңызды, сондықтан біз Сізді ел Президенті лауазымына лайықты кандидат санаймыз. Қазіргі бақ-берекемізді және болашағымызды тек Сізбен байланыстырамыз», – деп жазады авторлар.

«Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС еңбек ұжымдарының 9 мыңнан астам мүшесі – кеншілер, металлургтар, кен байыту кәсіпорындарының жұмысшылары да еліміздің одан әрі қарқынды дамуын қамтамасыз ету үшін Қазақстан Президентіне жаңа сенім мандатын беру қажет екенін атап өткен.

«Біз бүгінде басқа балама жоқ екеніне сенімдіміз. Өйткені нақ Сіздің басшылығыңызбен еліміз өз дамуында елеулі табыстарға жетті. Сіз республиканы ауқымды жаңғырту және оны әлемнің мейлінше бәсекеге қабілетті 30 елінің қатарына қосу жолындағы жұмысты Қазақстан халқымен бірге жалғастыруға тиіссіз деп санаймыз. Барлық қазақстандықтарды, еңбекшілерді, тұрақтылықты және егемен Қазақстанның  жүйелі дамуын қымбат санайтын баршаны Президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізуді  қолдауға шақырамыз», – делінген хатта.

Өз кезегінде, Ақмола облысындағы «Родина» агрофирмасы» ЖШС ұжымының мүшелері хаттарында жаһандық экономикалық дағдарыс пен әлемдегі геосаяси тұрақсыздықтың белең алуы жағдайында Қазақстан қуатты әрі ілкімді көшбасшыны қажет ететініне тоқталған. 

«Қоғамда елдің әрі қарайғы әлеуметтік-экономикалық табысы көбіне-көп Сіздің Мемлекет басшысы, Ұлт көшбасшысы ретіндегі рөліңіз арқылы ғана мүмкін болатыны туралы айқын түсінік бар. Сондықтан, отандастарымыздың бастамасын толық қолдай отырып, Сізден жүрек қалауымен жасалған халық таңдауына құлақ асуды сұраймыз», – делінген хатта.

лматы облысындағы «Хильниченко және К» командиттік серіктестік жұмысшылары Мемлекет басшысының осындай тұрақсыз уақытта стратегиялық сипатта шұғыл шешімдер қабылдай білуі – дендеп келе жатқан сыртқы сын-қатерлерді табысты еңсеру кепілі екенін атап өткен.

«Бүгін біз және ел тағдырына бей-жай қарай алмайтын барлық қазақстандықтар, жауапкершілікпен айта аламыз: Қазақстанда Сізге саяси балама жоқ. Сіз секілді Президентпен бізге бәрі жеңіл, біз дағдарыс кезеңінің барлық қиындықтарын еңсереміз. Өйткені олар өтпелі ғой, ал біздің Қазақстан мәңгілік болсын», – деп жазады авторлар.

Қазақстан халқы Ассамблеясының мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы бастамасын мақұлдаған азаматтардың қатарында Мемлекет басшысына қолдау көрсету туралы пікір білдірген көптеген жас ұрпақ өкілдері бар.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері Мемлекет басшысының Жолдауын және «Қазақстан-2050» Стратегиясын табысты жүзеге асыру үшін күш жұмылдырудың маңыздылығын атап өткен.

«Осыған байланысты кейінге қалдырмай сайлау өткізу маңызды деп санаймыз және Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасына толық қолдау көрсетеміз», - делінген хатта.

 І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің студенттері Елбасының басшылығымен еліміз тәуелсіздік жылдарында түрлі қиындықтардан сәтті өткеніне тоқталған.

«Біз алдағы уақытта да Мемлекет басшысымен бірге Қазақстанды әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосу жөніндегі мақсатқа қарай ілгерілетуді қалаймыз. Сондықтан Сізден кезектен тыс президент сайлауын өткізуге келісім беруіңізді сұраймыз», – деп жазады авторлар.

Барлық жаңалықтар