• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қырғызстанның Еуразиялық экономикалық одаққа ресми түрде кіру үдерісі мамыр айында аяқталады- Е.Ыдырысов

Қырғызстанның Еуразиялық экономикалық одаққа ресми түрде кіру үдерісі мамыр айында аяқталады- Е.Ыдырысов

16 Ақпан, 2015 11:15
Қырғызстанның Еуразиялық экономикалық одаққа кіру үдерісі биылғы жылдың мамыр айында аяқталатын болады, деді Ерлан Ыдырысов Мәжілісте өткен Үкімет сағатында.

«Өткен жылдың 29-шы мамырында Астанада қол қойылған Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекеттері басшыларының Еуразиялық экономикалық одақ құру жөніндегі келісімін тарихи оқиға деуге болады. Осылайша Еуразия континентінде алғаш рет ерікті түрде мықты табиғи ресурстары мен әлеуеті бар экономикалық бірлестік құрылды»,-деді Е.Ыдырысов сөзінде.

Сыртқы істер министрі қазіргі таңда аталмыш одақтың қалыптасу кезеңі жүріп жатқандығын атап өтті. «Осы кезде одаққа Армения мен Қырғызстанды да тарту жұмыстары жүріп жатыр. Біздіңше, Қырғызстанның Еуразиялық экономикалық одаққа формальды түрде мүше болуы мамыр айында аяқталады»,-деп мәлімдеді ол.   

Министр еуразиялық экономикамен ықпалдасу Қазақстанның стратегиялық бағыты екендігін ерекше атап көрсетті. «Экономикалық ықпалдасу үдерістерінің жаһандық турбуленттілігі кезінде мұндай қадам объективті үрдіс және заңды құбылыс. Өйткені экономикасы ықпалдаспаған ешбір мемлекет дамымайды. Біздің экономика жаңа нарықты қажет етеді. Сондай-ақ бізге сауда мен инвестицияның жүруіне кедергі болатын жәйттерден де арылу керек», деді министр.

Камила Амирова

Барлық жаңалықтар